Жарты ғасырда салынған алғашқы нысан: Жезқазғандағы заманауи өрт сөндіру бөлімі

Жезқазғанда соңғы 50 жылда алғаш рет салынған заманауи өрт сөндіру бөлімі бүгінде өңірдің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды стратегиялық нысандардың біріне айналды. Естеріңізге сала кетейік, бөлім өткен жылы пайдалануға беріліп, төтенше жағдайларға жедел әрекет ету мүмкіндігін едәуір арттырған болатын.
Бүгінде бұл ғимарат тек арнайы техникалар тұрағы емес, толыққанды көпфункционалды кешен ретінде жұмыс істеп тұр.

Өрт сөндіру бөлімі төрт бағыт бойынша жедел шығуға есептелген. Мұнда арнайы техникаларға арналған бокс, диспетчерлік бөлім, оқу сыныптары, кезекші қызметкерлерге арналған бөлмелер және Апаттар медицинасы орталығының мамандарына арналған кабинеттер қарастырылған. Барлығы тәулік бойы үздіксіз қызмет атқаруға бейімделген.

Құтқарушылардың қарауында жол талғамайтын өрт сөндіру автоцистерналары, авариялық-құтқару машиналары және су айдындарында жұмыс істеуге арналған моторлы қайықтар бар. Заманауи техника шақыртуларға жедел жетіп, төтенше жағдайлардың салдарын тиімді жоюға мүмкіндік береді.

Жеке құрам үшін барлық әлеуметтік-тұрмыстық жағдай жасалған. Бөлім аумағында қызметтік пәтерлер орналасқан екі қабатты тұрғын үй салынған. Бұл құтқарушылардың жұмыс орнына барынша жақын болып, дабыл бойынша уақыт жоғалтпай шығуына мүмкіндік береді.

Сондай-ақ заманауи спорт алаңы жабдықталған. Мұнда қызметкерлер дене дайындығын шыңдап, бос уақыттарында балалар қауіпсіз ойнай алады.

Бұл нысанның іске қосылуы Ұлытау облысындағы өртке қарсы инфрақұрылымды дамытудағы маңызды қадам болды. Жаңа бөлім өңір тұрғындарының қауіпсіздігін арттырып қана қоймай, төтенше жағдайлар қызметінің жұмысын жаңа деңгейге көтерді.

Бүгінде бұл бөлім Жезқазған қаласының тыныс-тіршілігін күзетіп, кез келген шақыртуға сақадай сай қызмет атқарып келеді.