Қоғам

Кәсіпкерлікті қолдау мәселелері талқыланды

Ұлытау облысында кәсіпкерлікті дамыту және бизнесті қолдау бағытындағы өзекті мәселелер талқыланды. Облыс әкімінің орынбасары Нұртас Кәріпбаевтың төрағалығымен өткен кездесуге өңір кәсіпкерлері, сала мамандары және жауапты ұйым өкілдері қатысты.

Жиын барысында мемлекеттік бағдарламалардың тиімді тетіктері, шағын және орта бизнесті дамыту жолдары, сондай-ақ инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері кеңінен сөз болды. Кездесуге бизнес қауымдастық өкілдерімен қатар Кәсіпкерлер палатасы мен Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қызметкерлері де қатысып, өзара пікір алмасты.

Нұртас Кәріпбаев өз сөзінде өңірде кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдау шараларына тоқталып, жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асырудың маңызын атап өтті.

Кездесу барысында инвестиция тарту мәселесіне ерекше назар аударылды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша облыста негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 260 млрд теңгеге жетіп, алдыңғы жылмен салыстырғанда өсім байқалған. Алдағы жылдары да бұл оң үрдіс сақталады деп күтілуде. 2030 жылға дейін жалпы құны 431 млрд теңгені құрайтын 15 жобаны іске асыру жоспарланған.

Сондай-ақ, сала басшыларының мәліметінше, 2026 жылдың қаңтар–ақпан айларында өңірге тартылған инвестиция көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда айтарлықтай өсіп, физикалық көлем индексі 2,5 есеге артқан. 2025 жылы жалпы сомасы 53 млрд теңгені құрайтын 7 жоба іске қосылып, 267 жаңа жұмыс орны ашылған. Ал 2026 жылы 11,8 млрд теңгенің 4 ірі жобасын жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл шамамен 200 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Кездесу барысында кәсіпкерлер ауылдық аймақтарды дамыту, білім беру орталықтарын ашу, жастар кәсіпкерлігін қолдау, әуе қатынасын жақсарту, гранттық қаржыландыру мен реновация бағдарламалары бойынша өз ұсыныстарын жеткізді.

Жиын қорытындысында облыс әкімінің орынбасары мұндай кездесулердің маңызы зор екенін атап өтіп, ашық диалог арқылы өзекті мәселелерді шешуге және бизнес пен билік арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік бар екенін жеткізді.

Back to top button