Көлеңкелі экономикаға тосқауыл

Облыс әкімдігінде көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Күн тәртібінде негізгі үш бағыт қаралды: келісім-шарт міндеттемелерінің орындалуы, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағалары және тұрғын үй құрылысының сапасы.
Қатысушылар кейбір өнім жеткізушілер тарапынан келісім-шарттардың толық орындалмай отырғанын атап өтті. Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін нарықтағы жағдай тұрақты түрде бақылауға алынды. Сонымен қатар, өңірде салынып жатқан тұрғын үйлерге алдын ала талдау жасалып, құрылыс сапасы мен белгіленген мерзімде аяқталуы басты назарға алынды.
Ұлытау облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің ұйымдастыру және бақылау басқармасының басшысы Абласан Құрбановтың айтуынша, отырыс қорытындысы бойынша бюджет қаражаттарын мақсатты пайдалану, әлеуметтік маңызды өнімдер бағаларын тұрақтандыру және тұрғын үй нысандарының сапасын қадағалау бойынша шешімдер қабылданды. Экономикалық тергеу департаменті қабылданған шешімдердің орындалуын бақылап, оларды іске асыру үшін профильдік ұйымдармен өзара әрекеттестікті жалғастыруда.