Мәдениет
Тренд

Жаңарған музей – Ұлытаудың рухани қазынасы

Қаңтар айының ортасында Ұлытау облыстық тарихи-археологиялық музейі күрделі жөндеуден кейін қайта жаңарып, келушілерге заманауи форматта таныстырылды. Жаңартылған экспозициялық залдар мен жаңадан ашылған екі залдың таныстырылымы өтіп, қонақтарға арнайы экскурсия ұйымдастырылды.


Музейдің жаңа келбеті мазмұн жағынан да, алдыңғы көрінісінен айтарлықтай толыққан. Экспозициялар архивтік деректермен, қордағы құжаттармен, фотосуреттермен және тарихи-археологиялық жәдігерлермен байытылып, жалпы залдардың шамамен 60 пайызы жаңа экспонаттармен жаңартылған. Сонымен қатар, ғимараттың қасбеті жөнделіп, айналасы абаттандырылған. Заманауи технологиялар, соның ішінде жасанды интеллект элементтері енгізіліп, музей залдары жаңа деңгейде жабдықталған. Конференц-зал да толық жаңғыртылған.

Бұрын конференц-зал

Қазіргі конференц-зал

Бірінші «Дәуірлер тоғысындағы Ұлытау» залында өңірдің табиғи және тарихи даму кезеңдері кеңінен қамтылған. Мұнда палеонтология бөлімі ерекше назар аударады: алып мүйізтұмсықтың реконструкциясы мен жерасты пешінің мультимедиялық диорамасы ұсынылған.

«Дәуірлер тоғысындағы Ұлытау» залы

Екінші «Ұлытау ғасырлар шежіресі» залы Ұлытаудың дала өркениеті мен қазақ мемлекеттілігінің тарихи өзегі екенін көрсетеді. Бұл жерде Талмас ата кесенесінен табылған адамның гиперреалистік мүсіні мен «Бұланты шайқасы» диорамасы қойылған. Экспозиция сақ дәуірінен XIX ғасырға дейінгі тарихи сабақтастықты айқын бейнелейді.

«Ұлытау ғасырлар шежіресі»

Үшінші зал XX ғасырдағы қоғамдық-саяси оқиғаларға арналған. Мұнда Алаш қайраткерлері, Степлаг кезеңі, Екінші дүниежүзілік соғыс және ауыл шаруашылығының дамуы туралы мәліметтер қамтылған.

XX ғасырдағы қоғамдық-саяси оқиғалар залы

Ал «Қазыналы өлке тарихы» атты төртінші залда өңірдің индустриялық дамуы, алғашқы геологтар еңбегі, Қаныш Сәтбаевтың голограммасы, Жезқазған қаласының қалыптасуы және түрлі тарихи оқиғалар кеңінен көрсетілген. Сонымен қатар Чернобыль, Ауған соғысы, Тәжік-ауған шекарасындағы қақтығыстарға қатысқан жерлестердің ерлігі, Желтоқсан оқиғасы да назардан тыс қалмаған. Облыстың жетістіктері мен маңызды оқиғалары арнайы концепция негізінде ұсынылып, туристік маршруттарды қамтитын карта арқылы қорытындыланады.

«Қазыналы өлке тарихы» атты төртінші зал

«Облысымыздағы 48 жыл тарихы бар музейдің жаңа заманға сай жаңартылуы үлкен қуаныш. 27 жасымда музейге экскурсия жүргізуші болып келіп, 20 жылға жуық табан аудармай ғылыми қызметкерден музей басшысына дейінгі қызмет атқардым. Сондықтан музейдің әрбір қызметкері мен экспонаты мен үшін ыстық. Бүгінгі жаңғыртылған музейді аралау барысында маған музей залдарының кеңейіп, жәдігерлер сақтайтын қор сақтау қоймасының жаңартылуы, экспозиция залдарының тақырыптық тұжырымдамасында облыстың тарихы жан-жақты қамтылуы, музей қорындағы жәдігерлерге жан бітіріп, ұтымды пайдалануы ұнады. Білікті басшы Зағира Қалменова бастаған музейлік әріптестерімнің атқарған орасан зор еңбегіне алғыс білдіремін», дейді Жезқазған қалалық мәслихатының төрағасы Раушан Қапарова.

Жаңартылған музей – тек тарихи орын ғана емес, заманауи технология мен терең мазмұн тоғысқан, өңір тарихын жаңа қырынан танытатын мәдени кеңістікке айналды.

Махамбет Жансая

Back to top button