Тұтынушы құқықтары: Өтініштер артып, бақылау күшейтілуде

Ұлытау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша әлеуметтік және талдамалық зерттеу нәтижелері таныстырылды. Бұл туралы Ұлытау облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Жасұлан Дәулетбаев мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, департамент қызметінің негізгі бағыттарының бірі — тұтынушылардың құқықтарын қорғау. 2025 жылдың басынан бері халықтан түрлі кері байланыс арналары арқылы 403 өтініш түскен. Оның ішінде 180-і электронды өтініш болса, 165-і жедел желі арқылы жолданған. Сондай-ақ, 17 азамат жеке қабылдауда мәселе көтерсе, 41 өтініш Telegram-бот арқылы тіркелген.
Негізгі шағымдар тұрмыстық қызметтер, байланыс саласы және тұрғын үй-коммуналдық қызметтерге қатысты. Атап айтқанда, сапасыз қызмет көрсету, интернет пен байланыс сапасының төмендігі, коммуналдық қызметтердің тарифтері мен есептеулеріне байланысты мәселелер жиі көтеріледі. Сонымен қатар, электрондық және бөлшек сауда саласына қатысты арыз-шағымдар да өзекті болып отыр.
Мамандардың айтуынша, тұтынушылардың мемлекеттік органдарға жүгінуінің басты себептері — көрсетілген қызмет немесе сатып алынған тауар сапасының күткен деңгейде болмауы және сатушылар тарапынан толық ақпараттың берілмеуі.
Мемлекеттік бақылау аясында жыл басынан бері 42 жоспардан тыс тексеру жүргізілген. Нәтижесінде 27 әкімшілік айыппұл салынып, 15 ескерту берілген. Бюджетке 786 мың теңгеден астам қаражат түскен. Ал тұтынушылар пайдасына қайтарылған қаржы көлемі 90 миллион теңгеден асқан.
Сонымен қатар, заң талаптарын бұзған кәсіпкерлер де жауапкершілікке тартылған. Ақпаратты орналастырмағаны үшін 39 кәсіпкерге шара қолданылса, шарт талаптарын бұзған 3 кәсіпкер және тұтынушы шағымына жауап бермеген 1 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Брифинг барысында тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы әлеуметтік зерттеу нәтижелері де сөз болды. Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда бұл бағыт әділ әрі ашық нарықтық қатынастарды қалыптастырудың маңызды тетігіне айналған. Азаматтардың құқықтық сауаттылығы артып, сапалы тауар мен қызметке деген сұраныс өсіп келеді.
Сондай-ақ, цифрлық экономиканың дамуына байланысты онлайн сауданы реттеу, заңнаманы жетілдіру және тұтынушылар құқығын қорғау механизмдерін жаңғырту өзекті болып отыр. Осы бағытта омбудсмен институтын енгізу және әкімшілік жауапкершілікті күшейту мәселелері де қарастырылуда.
Жалпы, мамандар тұтынушылардың құқықтарын қорғау – құқықтық мемлекет дамуының маңызды көрсеткіштерінің бірі екенін атап өтті.