Ұлытау ауданында «Тасымалдаушы» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде

Ұлытау ауданында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жолаушылар мен жүк тасымалдайтын көліктердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында «Тасымалдаушы» жедел-профилактикалық іс-шарасы жүргізілуде. Шара 21–24 ақпан аралығында өтеді. Бұл туралы Ұлытау облысының полиция бөлімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Іс-шара барысында патрульдік полиция қызметкерлері тасымалдау қызметімен айналысатын көлік құралдарын жан-жақты тексереді. Атап айтқанда, жүргізушілердің рұқсат беру құжаттарының болуы, көліктердің техникалық жағдайы, міндетті сақтандыру полисі мен техникалық байқаудан өтуі бақылауға алынады. Сонымен қатар жүргізушілердің жол қозғалысы ережелерін сақтауы, еңбек және демалыс режимін орындауы да назардан тыс қалмайды.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, мұндай профилактикалық шаралар жол-көлік оқиғаларының алдын алуға, заңсыз жолаушы тасымалының жолын кесуге және жолдағы жалпы қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған.
Полиция қызметкерлері барлық жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, өзге де қатысушылардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырады.