Білім

184 мың адам наурыз айындағы ҰБТ-ға өтініш берді

2026 жылғы наурыз айында өтетін Ұлттық бірыңғай тестілеуге (ҰБТ) қатысу үшін өтініш қабылдау аяқталды. Биылғы жылы тестілеуге 184 мыңға жуық адам қатысуға ниет білдірді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 20 мыңға көп.

ҰБТ 2 наурыз бен 6 сәуір аралығында өтеді. Талапкерлер тестілеу күнін, уақытын және пунктін өздері таңдады, деп хабарлайды ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі.

Тест барысында калькулятор, Химиялық элементтердің периодтық жүйесі (Менделеев кестесі) және тұздардың ерігіштік кестесі қолжетімді болады. Тест аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға өтініш беру мүмкіндігі бар. Апелляция нәтижесі талапкердің жеке кабинетінде көрсетіледі.

2026 жылы ҰБТ форматы өзгеріссіз қалады: талапкерлер үш міндетті пәнді және таңдауы бойынша екі бейіндік пәнді тапсырады. Жалпы тапсырмалар саны – 120:

  • «Қазақстан тарихы» – 20 тапсырма
  • «Оқу сауаттылығы» – 10 тапсырма
  • «Математикалық сауаттылық» – 10 тапсырма
  • Екі бейіндік пән – әрқайсысында 40 тапсырма

Тестке арналған уақыт – 4 сағат (240 минут). Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қосымша 40 минут беріледі.

Наурыздағы ҰБТ-ға шартты түрде қатысатындар: ақылы негізде күндізгі оқу нысаны бойынша жоғары оқу орындарына түсуге ниет білдіргендер, өткен жылғы мектеп түлектері, колледж түлектері, шетелде білім алған ҚР азаматтары және басқа санаттағы талапкерлер.

Back to top button