Ел құрметіне бөленген тұлға

Бүгін Ұлытау облысы әкімі Дастан Рыспеков облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағындық Үсенұлы Қожамсейітовті 85 жас мерейтойымен құттықтады. Салтанатты кездесу барысында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановтың құттықтауы табыс етілді.
Ұлытау өңірінің өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан, елге еңбегі сіңген ардақты тұлға Сағындық Үсенұлы Қожамсейітов биыл мерейлі 85 жасқа толып отыр. Саналы ғұмырын халық игілігіне арнаған абзал азамат бүгінгі күні де облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде қоғамдық өмірге белсене араласып келеді.
Сағындық Үсенұлы – өңірдің дамуы мен қалыптасуына сүбелі үлес қосқан, өмірлік тәжірибесі мен парасат-пайымы мол тұлға. Ол бүгінде де ел бірлігі мен ұрпақ тәрбиесі жолында ақылын айтып, өнегесін көрсетіп келеді.
Кездесу соңында облыс әкімі мерейтой иесіне зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасы амандығын тілеп, ел игілігі жолындағы еңбегі әрдайым жоғары бағаланып, кейінгі буынға үлгі бола беретінін атап өтті.