Ұлытау аумағында су басуға бейім 27 елді мекен бар.

Көктемгі қарғын су кезеңі – жыл сайын ерекше бақылауды талап ететін ең жауапты уақыттардың бірі.
Биыл өңірде су басуға бейім 27 елді мекен анықталып, олардың басым бөлігінде қауіп сейілтілгенімен, бірқатар аумақта тәуекел сақталып отыр. Құтқару қызметтері күшейтілген режимге көшіп, арнайы күштер мен техника дайындалуда.
Өңірдің көктемгі кезеңге дайындығы, ауа райы болжамы, су қоймаларындағы жағдай және халыққа ескерту жүйесі туралы Ұлытау облысы ТЖД Төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бас маманы, азаматтық қорғау аға лейтенанты Қуандық Аманқанұлы Мадбаев ZhezLife тілшісіне берген сұхбатында айтып берді.
1. Су тасқынына байланысты халықпен қандай жұмыстар жүргізілуде?
Төтенше жағдайлар департаменті су тасқыны және су басу қаупі туындаған жағдайда халықтың іс-қимыл алгоритмін үйретуге, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған кешенді ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Аталған іс-шараларға білім беру ұйымдары, еріктілер және қоғамдық бірлестіктер тартылуда.
Есептік кезеңде бұқаралық ақпарат құралдарында 41 ақпараттық материал орналастырылды, оның ішінде:
— теледидарда – 5,
— радиода – 1,
— баспа басылымдарында – 6,
— әлеуметтік желілерде – 15,
— LED-экрандарда – 13.
Сонымен қатар тұрғындармен 53 кездесу өткізіліп, 51 аула, 271 адам қамтылды. 255 жадынама, буклет пен брошюра таратылды. Төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында 87 рейдтік профилактикалық іс-шара ұйымдастырылып, 13 елді мекен қамтылды.
2. Биылғы көктемге қатысты ауа райы болжамы қандай?
РМК «Қазгидромет» болжамына сәйкес, 2026 жылғы ақпан–наурыз айларында Ұлытау облысының аумағында ауа райы климаттық норма шегінде күтіледі. Наурыз айында ауа температурасы нормадан 1–2°С-қа біртіндеп жоғарылап, жауын-шашын көлемі көпжылдық орташа көрсеткіштер деңгейінде сақталады.
Жалпы, 2025–2026 жылдардың қысы бірқалыпты суық болып, ауа температурасының уақытша жоғарылау кезеңдерімен сипатталады. Қатты аяздар қысқа мерзімді болды, ауа райы тұрақты.
Сонымен қатар температураның ықтимал ауытқуы мен еріген қар суының көлемін ескере отырып, көктемгі су тасқынына дайындық жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда.
3. Облыста су басу қаупі бар қанша елді мекен бар?
Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп су басуға бейім елді мекендердің тізімі өзектендірілді.
Облыс аумағында су басуға бейім 27 елді мекен (29 учаске) анықталды. Оның ішінде 19 елді мекенде қауіп сейілтілді, ал 8 елді мекенде су басу қаупі сақталуда.
Қауіпті аймақтар негізінен Ұлытау және Жаңаарқа аудандарында орналасқан. Бұл – Қаракенгір, Сарысу және Жезді өзендері арқылы тасқын сулардың өтуіне байланысты.
4. Су қоймаларындағы жағдай қандай?
РМК «Қазгидромет» ұсынған 2026 жылғы 1 ақпандағы мәліметке сәйкес, алдағы кезеңде Кеңгір су қоймасының толу деңгейі шамамен 83,83% болады деп болжануда.
5. Көктемгі кезеңге қанша күш пен техника дайын?
ҚР Төтенше жағдайлар министрінің 2025 жылғы 10 желтоқсандағы №537 бұйрығына сәйкес, Ұлытау облысында көктемгі кезеңдегі төтенше жағдайларды жоюға арналған арнайы жасақ құрылды.
Жасақ құрамында:
— 292 жеке құрам,
— 69 бірлік арнайы техника мен жабдық бар.
Су тасқыны жағдайы күрделенген жағдайда тұрғындарды орналастыру үшін 44 уақытша пункт дайындалды. Олар 34 218 адамды қабылдай алады.
Түркістан, Жамбыл және Қызылорда облыстарымен өзара іс-қимыл жоспары бекітілген.
25–27 ақпан аралығында облыста «Көктем-2026» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтеді. Оның барысында басқару органдары мен азаматтық қорғау күштерінің дайындық деңгейі тексеріліп, эвакуациялық жұмыстардың тиімділігі бағаланады.
6. Халыққа ескерту қалай беріледі?
Халыққа ескерту бірнеше арна арқылы жеткізіледі:
— SMS-хабарламалар;
— теледидар мен радио;
— интернет және әлеуметтік желілер;
— «Darmen» мобильді қосымшасы.
Push-хабарламалар арқылы ақпарат тарату – ең жедел тәсілдердің бірі.
7. Су басу қаупі туындаса, тұрғындар қайда хабарласуы керек?
Су басу қаупі туындаған жағдайда тұрғындар 112, 101 нөмірлеріне немесе Ұлытау облысы ТЖД сенім телефонына 8 (7102) 77-32-49 арқылы хабарласуы қажет.
ҚОРЫТЫНДЫ
Мамандардың айтуынша, биылғы көктемде ауа райы климаттық норма шегінде болады деп күтілгенімен, тасқын су қаупіне дайындық жұмыстары толық тоқтаған жоқ. Облыста арнайы жасақ құрылып, жүздеген құтқарушы мен ондаған техника әзір тұр. Сонымен қатар ондаған уақытша орналастыру пункті дайындалып, көршілес өңірлермен өзара іс-қимыл жоспары бекітілген.
Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды қауіпсіздік талаптарын сақтауға және ресми ескертулерге құлақ асуға шақырады. Су басу қаупі туындаған жағдайда 112 немесе 101 нөмірлеріне дереу хабарласу қажет.
Көктемгі кезеңдегі басты міндет – төтенше жағдайдың алдын алу. Ал бұл бағыттағы жүйелі жұмыс өңірдің табиғи қатерлерге қарсы дайындығын айқындайды.