Басты жаңалық
Тренд

Ұлытау облысында төртінші мұнай өңдеу зауыты салынуы мүмкін

Қазақстанда төртінші мұнай өңдеу зауытын (МӨЗ) салу мәселесі қарастырылып жатыр. Нысанның ықтимал орналасу орындарының бірі — Ұлытау облысы. Бұл туралы 2026 жылғы 11 ақпанда Мәжіліс кулуарында Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев мәлімдеді.

Вице-министрдің айтуынша, елде мұнай өнімдеріне сұраныс артып келеді, сондықтан жаңа зауыт салу туралы тапсырма берілген. Қазір бірнеше нұсқа талқыланып, сарапшылар техникалық-экономикалық есептеулер жүргізуде. Нақты сипаттамалары мен орналасатын жері анықталған соң, қосымша ақпарат жарияланбақ.

Зауыттың қандай қаражатқа салынатыны әзірге белгісіз. Бұл мәселе әлі талқылану үстінде. Бұған дейін Президент инвестиция тарту жөнінде тапсырма берген, қазір қаржыландыру тетіктері пысықталып жатыр. Алдын ала деректер бойынша, болашақ кәсіпорын жылына шамамен 10 млн тонна мұнай өңдеуге қауқарлы болады.

Қазіргі таңда Қазақстанда үш ірі мұнай өңдеу зауыты жұмыс істейді — Атырау, Павлодар және Шымкент қалаларында. Олардың жалпы өңдеу қуаты жылына 17 млн тоннадан асады. Сонымен қатар ел аумағында 30-дан астам шағын МӨЗ бар.

Айта кетейік, 2026 жылғы 10 ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай саласындағы жағдай күрделі екенін атап өткен еді.

Дереккөз: Zakon.kz

Back to top button