Ұлытау облысында конституциялық реформаларды қолдауға бағытталған өңірлік коалиция құрылды

Ұлытау облысында «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» атты өңірлік коалиция өз жұмысын бастады. Бастама конституциялық реформалардың мәні мен маңызын тұрғындарға кеңінен түсіндіруге бағытталған жүйелі жұмыстың маңызды кезеңі ретінде бағалануда.
Коалиция құрамына бес саяси партияның өкілдерімен қатар кәсіподақ ұйымдары, ардагерлер кеңесі және өңірдің жетекші қоғамдық ұйымдары енді.
Коалицияның ашылу рәсіміне облыстық мәслихат төрағасы, өңірлік коалиция төрағасы әрі Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия мүшесі Бауыржан Шыңғысов, облыс әкімінің орынбасары, коалиция төрағасының орынбасары Зина Ақылбекова, партия жетекшілері мен қоғам өкілдері қатысты.
Жиында сөз алған Бауыржан Шыңғысов конституциялық реформа жөніндегі кеңестің 12 отырысы өткенін және 10 мыңнан астам ұсыныс келіп түскенін атап өтті. Оның айтуынша, коалиция құрамында 50 адам бар, ал алдағы бір ай ішінде шамамен 400-ге жуық түсіндіру іс-шарасын өткізу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ «Ауыл» партиясы облыстық филиалының төрағасы Абзал Жиенбаев, «Ақ жол» партиясының өңірлік жетекшісі Әлібек Исин және «Қазақстан Халық партиясы» филиалының төрағасы Оразалы Бақырбаев ортақ бастама аясында бірлесе жұмыс істеуге дайын екендерін жеткізді. Ал модератор, «AMANAT» партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ерлан Мырзабеков алдағы бір айға арналған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының жоспарын таныстырды.
Коалиция мүшелерінің пікірінше, жаңа Конституция жобасы саяси жүйені одан әрі жаңғыртуға, әлеуметтік кепілдіктерді күшейтуге, кәсіпкерлік пен ғылымды дамытуға, сондай-ақ ұлттық құндылықтарды нығайтуға бағытталған стратегиялық міндеттерге толық сәйкес келеді. Ұсынылып отырған өзгерістер азаматтардың әл-ауқатын арттыруға негізделген тиімді әрі тұрақты мемлекеттік институттарды қалыптастыруға мүмкіндік бермек.
Алдағы уақытта коалиция өкілдері өңірлерде кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. 15 наурызға жоспарланған референдум қарсаңында еңбек ұжымдарымен, сарапшылармен және тұрғындармен кездесулер өткізу көзделіп отыр. Бұл бастамалар ашық диалог орнатып, азаматтардың саналы таңдау жасауына жағдай қалыптастыруды мақсат етеді. Шалғай елді мекендер де назардан тыс қалмайды — өйткені әрбір қазақстандықтың дауысы маңызды.