Кәсіпкерлерге салық режимін таңдау мерзімі түсіндірілді

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда кәсіпкерлік субъектілеріне арналған арнайы салық режимдерін қолданудың жаңартылған тәртібі күшіне енді. Осыған байланысты Ұлытау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің мамандары сауда орталықтарын аралап, шағын және орта бизнес өкілдеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Мамандардың айтуынша, негізгі мақсат – кәсіпкерлерге 2026 жылғы 28 ақпанға дейін тиісті салық салу режимін таңдау қажеттігін ескерту.
Жаңа Салық кодексіне сәйкес бүгінде үш түрлі режим қарастырылған:өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұлғаларға арналған арнайы режим;оңайлатылған декларация негізіндегі режим;шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған режим.
Өтінімді бірнеше тәсіл арқылы жолдауға болады. Атап айтқанда, eSalyq Business мобильді қосымшасы, екінші деңгейлі банктердің сервистері немесе «Салық төлеушінің кабинеті» электронды жүйесі арқылы. Құжаттарды рәсімдеу толықтай онлайн форматта жүргізіледі және көп уақыт алмайды.
Мемлекеттік кірістер департаменті өкілдері оңайлатылған декларация негізіндегі режимді қолданатын кәсіпкерлерге 28 ақпанға дейін міндетті түрде хабарлама тапсыру қажет екенін ескертеді. Белгіленген мерзімде өтінім берілмеген жағдайда кәсіпкер автоматты түрде жалпыға бірдей белгіленген салық режиміне ауыстырылады.
Қосымша ақпаратты 1414 Бірыңғай байланыс орталығынан немесе тіркелген жері бойынша мемлекеттік кірістер органдарынан алуға болады.