Қоғам

Жезқазғанда жасөспірімдер әлем чемпионымен бірге жаттығып, есірткіге қарсы акцияға қатысты

Жезқазған қаласындағы «Жігер» спорт кешенінде жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған ерекше форматтағы спорттық іс-шара өтті. Кездесуді Ұлытау облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы ұйымдастырды.

Шараның басты қонағы – мас-рестлингтен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жүлдегері, әлем чемпионатының қола жүлдегері Асылмұрат Бірімжан. Ол мектеп оқушылары мен колледж студенттеріне арнап ашық жаттығу өткізіп, спорттағы тәжірибесімен бөлісті.

Чемпион жастарға тек әдіс-тәсілдерді көрсетіп қана қоймай, есірткінің адам өміріне тигізер зияны туралы ашық айтып, табысқа жетудің басты кепілі – ерік-жігер мен таза сана екенін атап өтті.

Іс-шара барысында арнайы жасақ сарбаздары да өздерінің жауынгерлік дайындықтарын көрсетіп, қатысушыларға әсерлі көріністер ұсынды. Сонымен қатар оқушылар мас-рестлинг спортымен жақынырақ танысып, чемпионның бақылауымен күш сынасты.

Мұндай форматтағы кездесулер жас буынның спортқа қызығушылығын арттырып, зиянды әдеттерден аулақ болуға ынталандырады, – дейді ұйымдастырушылар.

Back to top button