Білім

Президент мектептерде ұстаздарға құрмет көрсету мәселесін көтерді

Мұғалімнің негізгі міндеті – балаға сапалы білім беру. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оқу-ағарту саласындағы реформалар ұстаздардың жұмысын жеңілдетіп, артық жүктемесін азайтуға бағытталуы керектігін айтты.

Президенттің сөзінше, бұрын мұғалімдер қағазбастылықтан қиындық көрсе, қазір оның орнына түрлі цифрлық платформалар мен жүйелерге есеп енгізу міндеті көбейген. Мұндай жұмыстар педагогтің басты міндетін орындауына кедергі келтірмеуі керек.

Мемлекет басшысы ұстаздардың абырой-беделін қорғау мәселесіне де назар аударды. Оның айтуынша, мектептерде оқушылардың мұғалімдерге дөрекі сөйлеп, тіпті күш қолданатын жағдайлары кездеседі. Мұндай оқиғалар кезінде мектеп әкімшілігінің педагогке қысым көрсетуі де дұрыс емес.

Президент әрбір жағдай мұқият әрі жан-жақты қаралуы керектігін атап өтті. Бұл ретте отбасы, оқушы, мұғалім және мектеп тарапынан ортақ жауапкершілік болуы маңызды. Оқу-ағарту министрлігіне осы мәселені жіті бақылауда ұстау тапсырылды.

Back to top button