Қазақстанда инфрақұрылымды жаңғыртуға 6,5 трлн теңге бөлінеді

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен өңірлердің әлеуетін арттыру мәселелеріне тоқталды. Мемлекет басшысы қалаларды дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту және әлеуметтік маңызы бар нысандар салу бағытындағы міндеттерді белгіледі.
Президенттің айтуынша, ауыл-аймақтарды дамыту әрдайым басты назарда болады. Сонымен қатар қалалар экономиканың, білім мен технологияның негізгі орталығы әрі таланттарды шыңдайтын маңызды кеңістік саналады. Сондықтан әрбір ірі қаланың Үкімет бекіткен орта және ұзақ мерзімді даму жоспары болуы қажет.
Мемлекет басшысы қала ресурстарын тиімді басқару үшін Үкімет пен әкімдіктерге қала инфрақұрылымының цифрлық сыңарын әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ қалалардың қауіпсіз, жайлы әрі көрікті болуына басымдық беріп, бұл бағыттағы жұмысты «Таза Қазақстан» жалпыұлттық тұжырымдамасымен ұштастыру қажеттігін атап өтті.
Жолдауда ел экономикасының көрсеткіштері де айтылды. Президент Халықаралық валюта қорының болжамына сәйкес, биыл Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 400 миллиард долларға жуықтап, жан басына шаққандағы көрсеткіш 19 мың доллардан асатынын жеткізді. Сонымен қатар ел экономикасының көлемі бойынша әлемде 47-орынға көтерілуі күтілетінін айтты.
Өңдеу өнеркәсібінің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 14 пайыздан асқан. Ал алтын-валюта резерві мен Ұлттық қор активтерінің жалпы көлемі 130 миллиард доллардан жоғарылаған.
Мемлекет басшысы осы экономикалық әлеуетті инфрақұрылымды жаңғыртуға және өңірлерді дамытуға бағыттау қажеттігін атап өтті. Осы мақсатта ел аумағында әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылымның аса қажетті нысандарын салу жоспарланып отыр.
Президенттің тапсырмасына сәйкес, Үкімет бұрын-соңды болмаған Инфрақұрылымдық жаңғыру жоспарын әзірлейді. Бұл жұмыстарды жүзеге асыру үшін 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бөлу көзделген. Бұдан бөлек, биыл және 2027 жылдың алғашқы екі айында әлеуметтік жобаларды іске қосуға 1,5 триллион теңге қарастыру тапсырылды.
Мемлекет басшысының айтуынша, инфрақұрылымды дамыту мен қалалардың әлеуетін арттыру өңірлер экономикасының өркендеуіне және халықтың өмір сүру сапасының жақсаруына ықпал етеді.