Мәдениет

Патриоттық ән жазып, 6 миллион теңге ұтып алуға болады

Қазақстанда Тәуелсіздіктің 35 жылдығына орай жаңа патриоттық әндерге арналған республикалық байқау жарияланды. Өнерпаздар жалпы жүлде қоры 30 миллион теңгені құрайтын байқауда бақ сынап, өз шығармаларын ел көлемінде таныта алады.

Байқауға Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау облысының ақындары, композиторлары және музыканттары да қатыса алады. Шығармашылық додаға кәсіби өнер иелерімен қатар, шығармашылық жолын енді бастаған таланттар да шақырылады.

Басты талап — ұсынылған ән бұрын еш жерде жарияланбаған әрі орындалмаған жаңа туынды болуы керек. Байқау үш бағыт бойынша өтеді: марш ырғағындағы патриоттық әндер, лирикалық патриоттық әндер және заманауи патриоттық әндер.

Жүлде қоры бірнеше номинацияға бөлінген. Бас жүлде иегеріне 6 миллион теңге беріледі. Бірінші орын алған үш қатысушының әрқайсысына 4 миллион теңгеден, екінші орын иегерлеріне 3 миллион теңгеден, ал үшінші орын алғандарға 1 миллион теңгеден табысталады.

Қатысушылар бірнеше бағыт бойынша қатар бақ сынай алады. Қазылар алқасы әннің әуенімен қатар мәтінінің сапасын, өзіндік ерекшелігі мен көркемдік деңгейін де ескереді.

Өтінімдер 2026 жылғы 5 желтоқсанға дейін khabar.kz/konkurs сайты арқылы қабылданады. Байқау жеңімпаздарының есімдері Қазақстанның Тәуелсіздік күні қарсаңында жарияланады.

Back to top button