Ұлытау тынысы

Ұлытауда Республика күні қарсаңында мемлекеттік наградалар табысталды

Ұлытау облысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан мемлекеттік наградаларды табыстау рәсімі өтті. Марапаттарды облыс әкімі Есет Байкен табыстады.

Салтанатты жиынға еңбек ардагерлері, мәдениет пен өнер саласының өкілдері қатысты. Ел дамуына елеулі үлес қосып, адал еңбегімен ерекшеленген бірқатар азамат мемлекеттік наградаларға ие болды.

Мемлекет басшысының атынан көпбалалы аналарға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» төсбелгілері табысталды. Сондай-ақ марапатталғандар қатарында металлургтер, кеншілер, мәдениет, білім беру және денсаулық сақтау салаларының қызметкерлері бар.

Салтанатты рәсімде облыс әкімі Есет Байкен Республика күнінің тарихи маңызына тоқталып, өңірдің дамуы туралы айтты.

«Мемлекет басшысының тарихи шешімімен құрылған Ұлытау облысы соңғы төрт жылда қалыптасу мен даму жолынан өтті. Осы уақыт ішінде өңірдің экономикалық және әлеуметтік әлеуетін арттыруға бағытталған ауқымды жұмыстар қолға алынды. Бүгінде жаңа жобалар жүзеге асырылып, инфрақұрылым жаңарып, өндіріс пен әлеуметтік саланың дамуына тың серпін берілуде.

Бұл жетістіктер – Қазақстан Республикасы Үкіметінің қолдауының, инвесторлармен және ірі өндірістік серіктестермен қалыптасқан тиімді әріптестіктің нәтижесі. Биылғы тоғыз айда өңір экономикасына 330 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылды. Әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту бойынша 30 ірі жоба қолға алынды. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, шағын және орта бизнес те қарқынды дамып келеді», – деді облыс әкімі.

Салтанатты рәсім Кеншілер сарайында жалғасып, жергілікті өнерпаздар мен танымал өнер жұлдыздарының қатысуымен мерекелік концерт өтті.

Back to top button