Қоғам

Жезқазғандық металлург «Қазақстанның Еңбек Ері» атанды

Республика күні қарсаңында Жезқазған мыс балқыту зауытының балқытушысы Әбдірашит Доспановқа «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді. Мемлекет басшысының Жарлығымен ол отандық металлургияны дамытуға қосқан үлесі үшін жоғары мемлекеттік наградаға ие болды.

Әбдірашит Доспанов 1964 жылы 8 қыркүйекте Жезқазған қаласында дүниеге келген. Ол 1985 жылдан бері «Kazakhmys Smelting» ЖШС Жезқазған мыс балқыту зауытының электр пештері цехында балқытушы болып еңбек етіп келеді. Қырық жылдан астам уақытын металлургия саласына арнаған маман өндірістің қыр-сырын жетік меңгеріп, кәсіби тәжірибесімен әріптестеріне үлгі болып жүр.

Еңбек жолында өндірістік тапсырмаларды сапалы орындап, технологиялық талаптар мен қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтаған. Сонымен қатар жас мамандарды даярлауға ерекше көңіл бөліп, тәжірибесі мен кәсіби білімін кейінгі буынға үйретіп келеді. Оның тәлімін алған жұмысшылардың бірқатары бүгінде металлургия саласында еңбек етіп жүр.

Абдрашит Доспановтың еңбегі бұған дейін де бірнеше рет мемлекеттік және салалық наградалармен бағаланған. Ол «Еңбек даңқы» орденінің үш дәрежесінің де иегері және «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған.

Металлургия саласындағы еңбек дәстүрі оның отбасында да жалғасын тапқан. Атап айтқанда, ағалары Рақымжан Доспанов осы кәсіпорында 23 жыл түсті металдар мен қорытпаларды құюшы болып жұмыс істесе, Рамазан Доспанов жеті жылдан астам уақыт балқытушы қызметін атқарған.

Жезқазғандық металлургтің «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болуы – оның көпжылдық адал еңбегі мен отандық өндірісті дамытуға қосқан үлегінің жоғары бағалануы.

Back to top button