ЖРВИ мен тұмау: өңірде эпидемиялық маусымға дайындық қалай?

Ұлытау облысында 2026–2027 жылдардағы жіті респираторлық вирустық инфекциялар мен тұмаудың эпидемиологиялық маусымына дайындық жүргізілуде. Өңірде эпидемиологиялық жағдай тұрақты болғанымен, медициналық ұйымдар мен білім беру нысандарында алдын алу шаралары күшейтіледі.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мамандарының мәліметінше, 2026 жылдың өткен кезеңінде облыста ЖРВИ-дің 20 130 жағдайы тіркелген. Оның 10 227-сі 14 жасқа дейінгі балалар арасында анықталған. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда сырқаттанушылық 1,96 есе төмендеген. Ал зертханалық жолмен расталған тұмау және COVID-19 жағдайлары тіркелмеген.
Мамандардың болжамына сәйкес, 2026–2027 жылдардағы эпидемиологиялық маусымда А(H1N1), А(H3N2) және В тұмауы вирусының Victoria желісінің қатар айналымда болуы күтіледі. Бұл вирустардың таралуы пневмония, жедел тыныс жеткіліксіздігі, сепсис және созылмалы аурулардың асқынуы сияқты асқынуларға әкелуі мүмкін.
Өңірде ЖРВИ мен тұмау маусымы 2026 жылғы 1 қазаннан 2027 жылғы 30 сәуірге дейін жалғасады. Осы кезеңде медициналық ұйымдарда медицина қызметкерлері үшін маска режимі енгізіледі. Ол үшін 98 мың бір реттік маска дайындалған.
Қазір облыста 99 инфекциялық төсек-орын бар. Оның толымдылығы 30 пайызды құрайды. Эпидемиологиялық жағдай нашарлаған жағдайда ЖРВИ және тұмаумен ауыратын науқастарды орналастыру үшін қосымша 230 инфекциялық төсек ашу жоспарланған. Бұдан бөлек, Жезқазғандағы облыстық көпбейінді аурухана жанындағы қалалық инфекциялық орталық базасында тағы 50 төсек орналастыру мүмкіндігі қарастырылған.
Медициналық ұйымдарда дәрі-дәрмектердің азаймайтын қоры жасақталған. Қажетті медициналық жабдықтар, оның ішінде өкпені жасанды желдету аппараттары, импульстік оксиметрлер және оттегі беру құрылғылары дайын тұр. ЖРВИ белгілері бар науқастарға үйде қызмет көрсету үшін мобильді бригадалар да белгіленген.
Білім беру ұйымдарында да алдын алу шаралары қарастырылған. 1 қазаннан бастап оқушылар мен қызметкерлердің қатысуына күнделікті мониторинг жүргізіліп, таңертеңгі сүзгі ұйымдастырылады. Оқу орындарында қолды өңдеуге арналған санитайзерлер қойылып, оқушыларға ЖРВИ, тұмау және COVID-19-дан сақтану бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
Сырқаттанушылық деңгейі жоғарылаған жағдайда білім беру ұйымдарында қосымша шектеу шаралары енгізіледі. Бір сыныптағы немесе топтағы балалардың 20–30 пайызы ауырған кезде медициналық бақылау күшейтіледі. Ал сырқаттанғандар саны 30 пайызға және одан жоғары болған жағдайда оқушыларды қашықтан оқытуға ауыстыру қарастырылады.
Мамандар тұрғындарға аурудың алдын алу үшін жеке гигиена талаптарын сақтауға, адам көп жиналатын орындарда сақтық шараларын ұстануға және тұмауға қарсы вакцинациядан өтуге кеңес береді.