Қоғам

Жезқазғанда әйелдер денсаулығын қолдауға арналған «Pink Run» акциясы өтті

Жезқазғанда сүт безі обырының алдын алу мен әйелдер денсаулығына қоғам назарын аудару мақсатында «Pink Run» акциясы ұйымдастырылды. «Әйел өмірі үшін» республикалық айлығы аясында өткен шараға өңірдегі медициналық ұйымдардың өкілдері қатысып, бірден үш шақырымға дейінгі қашықтықты жүгіріп өтті.

Акцияны Ұлытау облысының денсаулық сақтау басқармасы ұйымдастырды. Оның негізгі мақсаты — сүт безі обырының алдын алудың маңызын түсіндіру, ауруды ерте анықтауға назар аудару және онкологиялық дертпен күресіп жүрген әйелдерге қолдау білдіру.

Мамандардың айтуынша, сүт безі обырын ерте анықтау емнің нәтижелі болуына ықпал етеді. Қазақстанда 40 пен 70 жас аралығындағы әйелдерге ауруды ерте диагностикалауға арналған маммологиялық скрининг екі жылда бір рет тегін жүргізіледі.

«Pink Run» акциясы әйелдерді өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға, медициналық тексеруден уақытылы өтуге шақырады. Ал республикалық айлық аясында Ұлытау облысының медициналық ұйымдарында ашық есік күндерін өткізу және әйелдерге тегін медициналық көмек көрсету жоспарланған.

Back to top button