Қазақстанда «Кітап оқитын ұлт» марафонына 1,4 миллионнан астам адам қатысып жатыр

Қазақстанда кітап оқуды насихаттауға бағытталған «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафонына 1,4 миллионнан астам адам қосылды. Қатысушылар оқыған шығармалары туралы пікірлерін цифрлық платформада жариялап, әлеуметтік желілерде бейнепікірлерімен бөлісіп жатыр. Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі хабарлады.
Астанада өткен кеңесте жобаның аралық нәтижелері қорытындыланып, оқырмандар белсенділігін арттыру жолдары талқыланды. Президенттің кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі Жарлығын іске асыру аясында ұйымдастырылған марафонға мектеп оқушылары, студенттер, педагогтер, отбасылар, мемлекеттік қызметшілер мен шығармашылық зиялы қауым өкілдері қатысуда.
Жоба аясында қазақ және орыс тілдеріндегі 345 әдеби шығармадан тұратын бірыңғай тізім жасалған. Сондай-ақ қатысушылардың оқыған кітаптары туралы пікір қалдыруына мүмкіндік беретін reading-nation.kz цифрлық платформасы жұмыс істейді.
Платформада жарияланған пікірлер саны бойынша Ақтөбе облысы 25 557 пікірмен көш бастап тұр. Солтүстік Қазақстан облысы 14 249, ал Қызылорда облысы 14 037 пікірмен үздік үштікке енген. Әсіресе Солтүстік Қазақстан облысындағы белсенділік назар аудартады: өңірде тіркелген 20 мыңға жуық қатысушының 14 мыңнан астамы өз пікірін жариялаған. Бұл тіркелген оқырмандардың шамамен 75 пайызы.
Марафон әлеуметтік желілерде де кеңінен қолдау тауып отыр. Оқылған шығармалар туралы 20 мыңнан астам бейнепікір жарияланған. Бұл бағытта Астана қаласы алда келеді — елордада 3 мыңға жуық бейнежазба жарық көрген. Ал Жамбыл облысында 1 699 жарияланым тіркелген.
Енді кітап оқуды насихаттау жұмыстары жаңа форматтармен толықтырылуы мүмкін. Кеңеске қатысушылар дүкендерде арнайы кітап сөрелерін ашу, жазушылармен кездесулер өткізу, шығармалар желісімен комикстер мен кітап трейлерлерін әзірлеу, қысқа бейнероликтер түсіру жөнінде ұсыныстар айтты. Сонымен қатар өңірлерде «Kitap Talks» медиажобасын іске қосып, «Kitap Quiz» зияткерлік ойындарын ұйымдастыру жоспарлары қарастырылды.
Бұдан бөлек, «Билет с книгой» бастамасы аясында мәдениет мекемелерінің электронды билеттері мен ақпараттық материалдарына марафон туралы мәліметтер және QR-кодтар орналастыру ұсынылды. Жобаны ауылдар мен шалғай елді мекендерге дейін жеткізіп, кітапханалар, жоғары оқу орындары мен қоғамдық кеңістіктердің мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану көзделіп отыр.
Кеңес қорытындысында өңірлік жобалық кеңселердің жұмысын үйлестіру, қатысушылар санын арттыру және марафон нәтижелерін жүйелі бақылау міндеттері белгіленді.