Ұлытаулық үш спортшы Малайзияда алтын медаль жеңіп алды
Ұлытау облысының бес спортшысы пенчак-силаттан өткен халықаралық турнирде ел намысын қорғап, үшеуі алтын медаль жеңіп алды. Жарыс 15–19 қазан аралығында Малайзия астанасы Куала-Лумпур қаласында өтті.

Байрақты бәсекеге әлемнің әр елінен 1800 спортшы қатысып, өзара мықтыны анықтады. Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсеткен Ұлытау облысының бес спортшысы да жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, жүлделі орындарға таласты.
Жарыс қорытындысы бойынша 2010–2012 жылы туған жасөспірімдер арасында үш жерлесіміз жеңіс тұғырынан көрінді. Атап айтқанда, Бекарыс Мансұр 63 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде, Аружан Аманқұлова 59 келіге дейінгі санатта, ал Карина Есенғабыл 69 келіге дейінгі салмақта алтын медаль иеленді.
Жас спортшылардың бұл жетістігі — тынымсыз еңбектің, табандылық пен бапкерлер дайындығының нәтижесі. Енді жерлестерімізді тағы бір маңызды сын күтіп тұр. 5–12 желтоқсан аралығында Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында пенчак-силаттан әлем чемпионаты өтеді.
Ұлытаулық спортшыларды халықаралық жарыстағы жеңістерімен құттықтаймыз! Алдағы әлем чемпионатында сәтті өнер көрсетіп, ел мерейін асқақтата беруіне тілектеспіз.