Жезқазғандағы ауа ластануын азайтуға 213,76 млн доллар бағытталады

Жезқазған қаласында атмосфералық ауаның ластануы әлі де өзекті экологиялық мәселе болып отыр. Ұлытау облысы бойынша Экология департаментінің мәліметінше, 2026 жылғы наурызда қаладағы автоматты бақылау бекетінде күкіртсутектің шекті рұқсат етілген концентрациядан 10,9 есеге дейін асқаны тіркелген.
Жоғары ластану жағдайы 14 наурыз күні сағат 13:20-да, 13:40-та және 14:00-де анықталған. Осы дерек бойынша жүргізілген бақылау шаралары барысында ластаушы заттың ықтимал көзі ретінде тұрмыстық сарқынды суларды бұруға арналған орталықтандырылған кәріз құдығы анықталған.
Департамент дерегіне сәйкес, 2026 жылы Жезқазғандағы атмосфералық ауаның ластану деңгейі өте жоғары деп бағаланған. Бақылау кезеңінде фенол бойынша шекті мөлшерден асудың 32 жағдайы, ал күкіртсутек бойынша 348 жағдайы тіркелген.
Мамандар қаланың экологиялық жағдайына өнеркәсіптік кәсіпорындардың қызметі де әсер ететінін атап өтті. Соның ішінде Жезқазған мыс балқыту зауытындағы қолданыстағы күкірт қышқылы цехының жабдықтары 30 жылдан астам уақыт бұрын пайдалануға берілген. Тозған технологиялық жабдықтар күкіртті газдың барлық көлемін толық өңдеуге мүмкіндік бермейді.
Осы мәселені шешу үшін «Kazakhmys Smelting» ЖШС жаңа күкірт қышқылы цехын салу жобасын жүзеге асырып жатыр. EPC-келісімшарттың құны 213,76 миллион АҚШ долларын құрайды. Жобаны 2026–2027 жылдары іске асыру, ал құрылысты 2027 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Жаңа цехтың іске қосылуы өндірістік шығарындыларды азайтуға бағытталған. Дегенмен, оның нақты экологиялық нәтижесі жоба толық іске қосылғаннан кейін бағаланатын болады.