«ЦОН» мобильді қосымшасы арқылы 1200-ден астам қызмет онлайн қолжетімді

Қазақстанда мемлекеттік қызметтерді цифрландыру үдерісі қарқынды жалғасуда. Бүгінде мемлекеттік қызметтер тізілімінде 1448 қызмет бар болса, оның 1278-і онлайн форматта ұсынылады. Сол цифрлық шешімдердің бірі – «ЦОН» мобильді қосымшасы.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының мәліметінше, қосымшада қазіргі таңда 18 негізгі сервис іске қосылған. Сонымен қатар бейнеқоңырау арқылы 79 қызмет түрін қашықтан алуға мүмкіндік бар.
2025 жылы мобильді қосымшаны 2 миллионнан астам адам жүктеген. Ал 2026 жылдың басынан бері оған тағы шамамен 370 мың жаңа пайдаланушы қосылған. Қосымша азаматтарға уақытын үнемдеуге, кезекті алдын ала жоспарлауға, QR-талон алуға, өтініштердің мәртебесін және дайын құжаттардың жеткізілуін онлайн бақылауға жағдай жасайды.
Ең көп сұранысқа ие қызметтердің бірі – электронды талон рәсімдеу. Қосымша іске қосылғалы бері пайдаланушылар 3,5 миллионнан астам электронды талон алған. Бұл бөлімшеде тіркелу процесін жеңілдетіп, қызмет алуды барынша ыңғайлы етеді.
Бұдан бөлек, қосымша арқылы мамандармен бейнебайланысқа шығып, қажетті қызметтерді бөлімшеге бармай-ақ қашықтан алуға болады.