Туберкулездің алдын алу айлығы басталды

Ұлытау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде туберкулездің алдын алу айлығы басталуына арналған брифинг өтті. Іс-шара 24 наурыз — Бүкіләлемдік туберкулезге қарсы күрес күніне орай ұйымдастырылып, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Елена Ткаченко мен бөлім басшысы Ерлан Танабаев тұрғындарға алдын алу шаралары туралы баяндады.
Мамандардың айтуынша, 2026 жылдың 24 ақпанынан 24 наурызына дейін елімізде туберкулездің алдын алу айлығы өтеді. Негізгі мақсат — халықтың профилактикалық шаралар, аурудың алғашқы белгілері және дер кезінде медициналық көмекке жүгінудің маңыздылығы туралы хабардарлығын арттыру. Айлықтың ұраны: «Иә! Біз туберкулезді жеңеміз! Қазақстанның көшбасшылығы. Инновация және адамдардың күші». Бұл бастама Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының стратегиясына сәйкес, 2030 жылға дейін әлемде туберкулезді жоюды көздейді.
Соңғы жылдары жаңа диагностикалық және емдеу әдістерінің арқасында облыста сырқаттанушылық 24,8%-ға төмендеп, 100 мың тұрғынға шаққанда 50,1-ден 37,7-ге дейін азайды. Өлім-жітім көрсеткіші де 2,6 есеге төмендеді. Дегенмен, балалар мен жасөспірімдер арасында аурушаңдық 2,2 есеге артқан, бұл ерекше бақылауды қажет етеді.Туберкулезді ерте анықтаудың негізгі жолы — флюорографиялық тексеру. Өткен жылы халықтың 93,3%-ы тексеруден өткен, нәтижесінде белсенді 100 жағдай анықталды. Жоғары тәуекел тобында тексеру 94,4%-ды құрады. Балалар арасында туберкулинодиагностика жүргізіліп, 39 467 бала қамтылды. Жаңа туған нәрестелердің 93,7%-і БЦЖ вакцинасымен қорғалды.
Дәрігерлер туберкулездің ауа тамшылары арқылы жұғатынын ескертеді. Аурудың алғашқы белгілері — үш аптадан астам жөтел, тәбеттің төмендеуі, салмақ жоғалту, әлсіздік, түнгі тершеңдік, дене қызуының көтерілуі және кеуде тұсының ауырсынуы. Айлық аясында облыс бойынша ақпараттық акциялар, дәрістер, дөңгелек үстелдер мен кеңес беру шаралары өткізіледі. Әрбір тұрғын флюорографиялық тексеруден тегін өтіп, қажет болса фтизиатр дәрігерден кеңес ала алады. Мамандар туберкулездің тек медициналық емес, әлеуметтік мәселе екенін еске салып, әр азаматты өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға шақырады.