Ұлытау тынысы
Тренд

Боранда қалған жүргізушіге полиция көмектесті

Ұлытау облысында ауа райының күрт бұзылуына байланысты жолда қиын жағдайға тап болған азаматқа полиция қызметкерлері көмек көрсетті. Оқиға Жезқазған – Арқалық – Есіл – Петропавл бағытындағы жолдың Жезді мен Ұлытау ауданы аралығында болған.

Қатты боран салдарынан жол көрінбей қалған кезде жүргізуші патрульдік полиция ротасының инспекторлары Мадияр Ақжолов пен Әділет Өмірзақовты кездестірген. Тәртіп сақшылары көліктің алдында жүріп, бағыт көрсетіп, жүргізушіні қауіпсіз жолға шығарып салды.

Полицейлердің жедел көмегінің арқасында азамат аман-есен үйіне жетті. Жүргізуші полиция қызметкерлеріне алғысын білдірді.

Ұлытау облысы Полиция департаменті тұрғындарды қолайсыз ауа райы кезінде алыс жолға шықпауға шақырады.

Back to top button