Жезқазған су тасқынына дайын ба?

Жезқазған қаласында 2026 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары пысықталды. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Жезқазған қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Дидар Құйқабаев тұрғындарға қауіпсіздік шараларын түсіндірді.
Қала әкімінің өкімі бойынша алдын алу жоспары бекітілді. Су тасқыны кезінде 106 адам, 51 техника және 2 жүзу құралы бар 9 авариялық-құтқару қызметі жұмыс істейді. Эвакуация үшін 12 арнайы пункт дайындалған.
Жезқазған қаласының кейбір аумақтары су басуға бейім: қалаішілік көшелер, Малшыбай ауылы және Аварийный кентіндегі бірнеше үй. Тұрғындар алдын ала хабардар етіліп, қауіпсіз жерге көшуге дайын болуы керек.
Қаланың үш су қоймасында — Кеңгір, Жезді және Қарасу — су деңгейі үнемі бақыланады. Арнайы гидропосттар арқылы судың көтерілуі алдын ала болжанып, қажет жағдайда шандорлар арқылы судың ағысы реттеледі.
Су тасқыны кезінде тұрғындарға мына әрекеттер ұсынылады:
• Үйдегі электр, газ және суды өшіру;
• Құжаттар мен бағалы заттарды қауіпсіз жерге қою;
• Азық-түлік пен ауыз су қорын дайындау;
• Балалар мен қарттарды қауіпсіздікке қамту;
• Су деңгейі көтерілсе, жоғары жерге немесе эвакуациялық пунктке өту.
Сондай-ақ, су басқан аймаққа электр желілеріне, құлаған бағандарға және ағын судың ортасына жақындамау керек. Құтқарушылар келгенге дейін сабырмен қауіпсіз жерде күту маңызды.