Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу мен инвестиция тарту жүйесін жетілдіруді тапсырды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, агрологистиканы дамыту және инвестиция тарту жүйесін жетілдіру мәселелеріне тоқталды. Ол отандық өндірісті қолдап, экономиканың негізгі салаларында еңбек өнімділігін арттыратын жобаларға басымдық беру қажеттігін айтты.
Президенттің сөзінше, ауыл шаруашылығында шикізат өндірумен ғана шектелмей, оны өңдеу, сақтау және сату жүйесін де жетілдіру маңызды. Осы бағытта Қызылорда облысында жүгері мен соя өсіріп, өңдеу жобалары жүзеге асырылып жатыр. Түркістан облысында суды тиімді пайдаланатын заманауи мақта-тоқыма кластері құрылуда.
Мал шаруашылығында да озық технологияларды кеңінен қолдану қажет. Мемлекет басшысы Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі негізінде елімізде 71 тауарлы-сүт фермасы іске қосылғанын атап өтті. Бұл кәсіпорындар жыл сайын 462 мың тоннадан астам сүт өндіреді. Ал Ақмола облысында шетелдік тәжірибеге сүйенген ет кластері құрылып жатыр.
Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтауға және өткізуге мүмкіндік беретін агрологистикалық орталықтардың қызметі ірі холдингтерден бастап, шағын шаруа қожалықтарына дейін қолжетімді болуы керек. Президент Үкімет пен «Бәйтерек» холдингіне ауыл шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту бағытында нақты шешімдер қабылдауды тапсырды.
Мемлекет басшысы ірі инфрақұрылымдық жобаларға қажетті құрылыс материалдарын, металл конструкцияларын және инженерлік жабдықтарды елімізде өндіруге басымдық беру қажеттігін де айтты. Оның пікірінше, «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясындағы жобалар отандық өндірісті дамытуға ықпал етуі тиіс. Сонымен қатар Ұлттық қор қаражатын импортты қаржыландыруға пайдалануға жол берілмеуі керек.
Жолдауда инвестиция тарту мәселесі де көтерілді. Президент қазіргі уақытта инвесторларды тарту және оларға қолдау көрсету бағытында мемлекеттік органдардың жұмысы бірізді емес екенін атап өтті. Осыған байланысты инвестиция тарту ісін бір орталықтан үйлестіретін жүйені жетілдіру қажеттігін айтты.
Мемлекет басшысы инвестиция мәселесімен жүйелі түрде айналысатын мекеменің рөлін нақтылауды ұсынды. Оның пікірінше, бұл бағытта «Бәйтерек» холдингі белсендірек жұмыс істей алады. Ал Ұлттық экономика және Сыртқы істер министрліктері инвестицияларға қатысты өз құзыреттерін орындауды жалғастырады.
Президент инвестиция тиімділігін тек тартылған қаражат көлемімен емес, іске қосылған өндіріс орындарының саны мен сапасы және олардың экономикаға қосқан нақты үлесі арқылы бағалау қажет екенін атап өтті.