Президент шағын бизнеске тексеру жүргізуге үш жылдық мораторий енгізуді ұсынды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шағын және орта бизнесті дамыту, кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау және отандық өндірушілерді қорғау мәселелеріне тоқталды. Мемлекет басшысы микро және шағын бизнесті тексеруге 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап үш жылдық мораторий енгізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Президенттің айтуынша, бүгінде шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 40 пайызға жеткен. Ал негізгі капиталға тартылған инвестициядағы үлесі 70 пайызға жуықтаған. Осыған байланысты кәсіпкерлік саласын одан әрі дамыту және шағын бизнестің құрылымын әртараптандыру маңызды.
Мемлекет басшысы Үкіметке орта бизнесті дамыту жөніндегі арнайы жоспар әзірлеуді тапсырды. Құжатта кәсіпорындарды ұзақ мерзімді қаржыландыру, технологиялық жаңғырту және ірі кәсіпорындармен әріптестігін кеңейту тетіктері қарастырылуы қажет. Сонымен қатар мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік компаниялардың сатып алуларына шағын және орта бизнес өкілдерінің қатысу мүмкіндігін арттыру ұсынылды.
Президент кәсіпкерлерге түсетін әкімшілік жүктемеге де назар аударды. Оның мәліметінше, биылғы бірінші жартыжылдықта жеке кәсіпкерлер тарапынан тіркелген заңбұзушылықтар саны 34 пайызға азайғанымен, айыппұлдардың жалпы сомасы шамамен 11 пайызға өскен. Ал жоспардан тыс тексерулер саны ондаған есе артқан.
Осыған байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай депутаттары мен Үкіметке 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап микро және шағын бизнеске қатысты үш жылдық мораторий енгізудің орындылығы мен ықтимал салдарын талқылауды ұсынды. Президент бұл бастаманы бақылау-қадағалау жүйесін қайта қарауға және цифрлық реттеу үлгісіне көшуге мүмкіндік беретін қадам ретінде қарастыру қажеттігін айтты.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы экономикалық құқықбұзушылықтарды қылмыссыздандыру бағытындағы жұмысты жалғастыру қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ отандық өндірушілерге кедергі келтіру, импорттық тауарлардың бағасын жасанды түрде төмендету және жергілікті өнімдердің ішкі нарыққа шығуын шектеу мәселелерін сынға алды.
Президенттің айтуынша, кәсіпкерлерге тең мүмкіндік беріп, әділ бәсекені қамтамасыз ету қажет. Бизнесті заңсыз кедергілерден қорғау және қолдау тетіктерін жетілдіру ұлттық экономиканың дербестігін нығайтуға ықпал етеді.