Елімізде ең төменгі жалақы 110 мың теңгеге дейін көтеріледі

Қазақстанда ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін арттыру жоспарланып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке бұл міндетті 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап іске асыруды тапсырды.
Президенттің айтуынша, ең төменгі жалақының өсуі 1,8 миллион адамның табысын арттыруға ықпал етеді. Олардың қатарында бюджет қаражаты есебінен жалақы алатын 370 мыңнан астам қызметкер бар.
Сонымен қатар алғашқы медициналық-санитарлық көмек жүйесінде еңбек ететін мамандардың жалақысын арттыру көзделген. 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап учаскелік қызмет мамандарының еңбекақысын үздіксіз еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін көтеру жоспарланып отыр. Бұл 77 мыңнан астам медицина қызметкерінің табысын арттыруға мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы алғашқы медициналық-санитарлық көмек жүйесін жаңғыртуға да басымдық берді. Атап айтқанда, жалпы практика дәрігерлерінің өкілеттігін кеңейтіп, осы бағытты қаржыландыру көлемін кезең-кезеңімен ұлғайту маңызды екенін атап өтті.