Ұлытауда мемлекеттік қызметшілер 15 кітап оқитын марафон басталды

Ұлытау облысында «Кітап оқитын ұлт» республикалық кітап оқу марафоны аясында «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» бейнеэстафетасы басталды, деп хабарлайды облыс әкімдігінің ресми сайты.
Бастаманың мақсаты – мемлекеттік қызметшілер арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастырып, олардың зияткерлік дамуы мен кәсіби жетілуіне ықпал ету. Бейнеэстафетаны аталған бағыттың өңірлік үйлестірушісі Рахат Нұрмакамбетов бастап, әріптестерін кітап оқуға және рухани дамуға шақырды.
Марафон аясында қатысушылар ұсынылған 15 кітапты оқып, әр шығарма бойынша өз пікірлерін білдіреді. Шартқа сәйкес, әр кітап үшін кемінде 250 ұпай жинау қажет. Ал аудандық немесе қалалық кезеңге өту үшін жалпы 3750 ұпай жинау көзделген.Сонымен қатар, облыстағы мемлекеттік мекемелердің ұжымдары кітап оқудың маңызын насихаттайтын бейнеүндеулер жариялап, эстафетаны жалғастыруға шақырады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бастама мемлекеттік қызметшілердің кітап оқуға қызығушылығын арттырып, үздіксіз білім алу мен өзін-өзі дамыту мәдениетін нығайтуға бағытталған.