Ұлытау облысында өңірлік кадр резерві мүшелері жауапты қызметтерге тағайындалды

Мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту және кадрлық әлеуетті күшейту бағытында Ұлытау облысында өңірлік кадр резервін қалыптастыру жұмыстары өз нәтижесін беруде. Біліктілігі жоғары, басқарушылық қабілеті қалыптасқан резерв мүшелері бірқатар жауапты лауазымдарға тағайындалып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосуда.
Өңірлік кадр резервінің басты мақсаты – жергілікті атқарушы органдардағы бос және стратегиялық маңызы бар қызметтерге кәсіби мамандар пулын қалыптастыру. Резервке енген үміткерлер бірнеше кезеңнен тұратын іріктеуден өтіп, олардың кәсіби білімі, стратегиялық ойлау деңгейі, көшбасшылық қасиеттері мен жеке құзыреттері кешенді бағаланады. Бұл тәсіл кадрлық шешімдердің ашықтығын қамтамасыз етіп, меритократия қағидатын нығайтады.
Қазіргі таңда резерв құрамындағы мамандар экономика, қаржы, ішкі саясат, аудит, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және өзге де маңызды салаларда жетекші қызметтерге тағайындалды.
Атап айтқанда:
И. Сәтбаев – Ұлытау облысы әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс бөлімінің басшысы. Ол әкім тапсырмаларының орындалуын бақылау және мемлекеттік органдар арасындағы үйлестіру жұмыстарын қамтамасыз етеді.
Р. Мұханбетжан – облыстық экономика басқармасы басшысының орынбасары. Оның құзыретіне әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді арттыру, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу және бюджеттік жоспарлау мәселелері кіреді.
М. Смағұл – облыс әкімі аппаратының Ішкі аудит бөлімінің басшысы. Бұл құрылым қаржылық тәртіпті күшейтіп, мемлекеттік ресурстардың тиімді жұмсалуын бақылайды.
М. Жетимекова – Қаражал қаласының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы. Ол қоғамдық-саяси тұрақтылық, мәдени жобалар мен тіл саясатын жүзеге асыруға жауап береді.
С. Шайдарова – Жаңаарқа ауданы экономика және қаржы бөлімі басшысының орынбасары. Негізгі бағыты – бюджеттік жоспарлау мен қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету.
Р. Әтібеков – Сәтбаев қаласының тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы. Оның міндеті – ТКШ саласындағы мемлекеттік саясаттың іске асуын қамтамасыз ету.
Өңірлік кадр резерві мемлекеттік қызметке талантты жастар мен тәжірибелі мамандарды тартуға, кадрлық сабақтастықты қалыптастыруға және басқару тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл бастама Ұлытау облысында кәсіби, нәтижеге бағытталған басқару корпусын қалыптастыруға және халыққа көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға ықпал етуде.