Басты жаңалықДенсаулық
Тренд

Санитарлық қызметтегі 40 жыл: Гаухар Жалмурзинаның еңбек жолы

«Адам өмірге келген сәттен бастап өмірден өткенге дейін санитарлық талаптар сақталуы керек» – Гаухар Жалмурзина

Халық денсаулығын қорғау – үлкен жауапкершілік пен табандылықты талап ететін сала. Осы бағытта ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, өңірдегі санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің дамуына үлес қосқан мамандардың бірі – Жалмурзина Гаухар Шәріпқызы.

Ол бұл салада 40 жылға жуық уақыт қызмет атқарып, түрлі кезеңдердің куәсі болды. Халықтың қауіпсіздігі мен денсаулығын қорғауды басты міндет еткен білікті маманмен сұхбаттасып, оның еңбек жолы, саладағы өзгерістер мен өмірлік ұстанымдары туралы әңгімелестік.

1.⁠ ⁠Еңбек жолыңызды алғаш бастаған кезіңіз қалай есіңізде? Алғашқы жылдары қандай қиындықтар болды?

– Қарағанды мемлекеттік медицина институтының санитарлық-гигиеналық факультетін тәмамдап, 1984 жылы Жезқазған облыстық санитарлық-эпидемиологиялық станциясына жұмысқа келдім. Оперативтік бөлімде орын болмағандықтан, облыстық СЭС-тің бактериологиялық зертханасына бактериолог дәрігер болып орналастым.

Біраз уақыттан кейін Жезді ауданының Сәтбаев совхозында іш сүзегі (брюшной тиф) тіркеліп, дәрігерлер кезекпен іссапарға шығып тұрды. Мен де сол жұмысқа қатыстым. Совхозда тұратын барлық адамдар – кішкентай балалардан бастап қарттарға дейін – үш рет бактериологиялық тексерістен өткізілді.

Әр мамандықтың өз қызығы бар. Зерттеу барысында іш сүзегі таяқшаларын анықтағанда олардың әдемі, айнадай жылтыр, домалақ культуралары байқалады. Оны әрі қарай зерттеп, тифтің түрін анықтап, аурудың қайдан тарағанын – судан ба, әлде сүттен бе – анықтау жұмыстары жүргізілді. Бактериолог болып жүріп, бір жылдың қалай тез өткенін байқамай да қалдым. Демалыстан келген соң басшылық шақырып, мені оперативтік бөлімге ауыстырды.

2.⁠40 жыл ішінде санитарлық қызмет саласы қалай өзгерді? Бұрынғы мен қазіргі жұмыстың айырмашылығы қандай?

– «30 жылда ел жаңа» дегендей, бұл салада да көптеген өзгерістер болды. Бұрын СЭС болса, кейін Санэпидбасқарма, Санэпидқадағалау, Тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасы болып өзгерді.

Қазіргі уақытта бұл – Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау мемлекеттік мекемесі. Бұл тек атаудың өзгеруі емес, талаптар да айтарлықтай жаңарды.

Бұрын жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер жүргізілсе, кейін профилактикалық бақылау қосылды. Тағамдар мен өнімдерді сатып алып, олардың сапасын тексеру жұмыстары енгізілді. Объектілердің маңыздылығына қарай тексеру кестесі жасалып, тексеру парақтары енгізілді. Тексеру жүргізілетіні туралы алдын ала хабарлау тәртібі қалыптасты. Санитарлық кітапшалар цифрландырылды және басқа да көптеген өзгерістер болды.

3.⁠ ⁠Қызметіңіздегі ең есте қалған немесе ерекше жауапкершілік жүктеген жағдай қайсы?

– Еңбек жолымды бастаған кезде іш сүзегі ошағында жұмыс істегенім ерекше есте қалды. Ал зейнеткерлікке шығар алдындағы соңғы жылдары COVID-19 инфекциясының таралуын болдырмау бағытындағы жұмыстар үлкен жауапкершілік жүктеді.

Бұл аурумен бүкіл ел болып күресіп, оның таралуын тоқтатуға күш салдық.

4.⁠Санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің қоғам үшін маңызы қандай деп ойлайсыз?

– Санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің қоғам үшін маңызы өте зор. Адам өмірге келген сәттен бастап өмірден өткенге дейін санитарлық талаптар сақталуы керек.

Ауаның, судың, жердің, тағамның, киімнің тазалығы мен сапасы маңызды. Соматикалық және инфекциялық аурулардың, уланулардың алдын алу да осы салаға жатады. Өндіріс орындарында еңбек жағдайының талаптарға сай болуы да маңызды.

Қала дамуының жобаларына, құрылыс жүргізуге жер бөлу сияқты мәселелерде де санитарлық талаптар ескеріледі. Жалпы, қай саланы алсақ та, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау жүргізілуі тиіс.

5.⁠ ⁠Ұзақ жыл басшылық қызмет атқардыңыз. Әйел адам үшін жетекші болу қаншалықты қиын?

– Әйел адам қай салада жүрсе де, өз ісін шын көңілімен, жауапкершілікпен атқарады. Олар өте төзімді, алға қойған мақсатына жеткенше тыным таппайды.

«Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» дейді ғой. Кейде жұмысқа байланысты отбасылық маңызды сәттерге кешігіп баратын жағдайлар да болды. Мысалы, қызымның мектеп бітірген кездегі марапаттау кешіне ел тарап жатқанда ғана жеткенім бар. Мұндай жағдайлар жиі кездесіп тұрды.

6.⁠ ⁠Ұжыммен жұмыс істеуде қандай қағидаларды ұстанасыз?

– Ең басты қағидаларым – адамгершілік, адалдық, тиянақтылық және жауапкершілік.

7.⁠ ⁠Қызмет пен отбасылық өмірді қатар алып жүру оңай болмаған шығар. Бұл тепе-теңдікті қалай сақтадыңыз?

– Қызмет пен отбасы арасындағы тепе-теңдік өзара қолдау мен түсіністікке байланысты. Облыстық СЭС-те жұмыс істеп жүргенде тұрмысқа шықтым. Жоспарлы және жоспардан тыс іссапарлар жиі болатын.

Кейін бала туғаннан кейін де жұмыс ырғағы өзгерген жоқ. Осындай жағдайда жолдасым әрдайым қолдау көрсетті. Отбасында сенім мен адалдық болса, жұмысты да еркін атқаруға болады.

8.⁠ ⁠Бүгінгі жас қыз-келіншектерге қандай тілек немесе ақыл-кеңес айтар едіңіз?

– Ең бастысы – адам болу. Адамгершілік пен адалдықты сақтау. Отбасының берекесін келтіретін де – аналар мен қыз-келіншектер.

Істеген ісіне жауапты болып, кешірімді болу керек. Сонымен қатар өздерін қазіргі заң талаптарына сай ұстап, дұрыс жолмен жүруге шақырамын.

Қорытынды

Көп жылдық тәжірибесімен бөліскен Гаухар Шәріпқызы санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің қоғам үшін маңызы зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, халық денсаулығын сақтау – тек медицина мамандарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.

8 наурыз – әйелдердің қоғамдағы еңбегін, төзімі мен даналығын дәріптейтін ерекше күн. Осы мереке қарсаңында Гаухар Шәріпқызына және барша аруларға зор денсаулық, отбасылық бақыт, еңбектеріне табыс тілейміз. Қоғам дамуына қосып жүрген үлестеріңіз әрдайым бағаланып, абыройларыңыз арта берсін.

Back to top button