Ұлытау тынысы

Өңірдің негізгі су қоймаларындағы қор жеткілікті ме?

Ұлытау облысындағы негізгі су қоймаларындағы су көлемі қолданыстағы пайдалану режиміне сәйкес келеді. Мамандардың мәліметінше, өңірдегі стратегиялық су нысандары тұрақты бақылауда және халық пен өндіріс орындарын сумен қамтамасыз етуге жеткілікті қор қалыптасқан.

Қазіргі таңда Кеңгір су қоймасы 92 пайызға, Жезді су қоймасы 88 пайызға, ал Ақтасты су қоймасы 27 пайызға толған.

Бұл су қоймалары Жезқазған және Сәтбаев қалаларын, өнеркәсіп кәсіпорындарын және басқа да тұтынушыларды сумен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Сондықтан олардың жай-күйі тәулік бойы бақылауда ұсталып, жоспарлы жөндеу және профилактикалық жұмыстар жүйелі түрде жүргізіледі.

«Қазсушар» РМК «Ұлытау» филиалының директоры Болатбек Әбсәліковтің айтуынша, мекеменің негізгі міндеттерінің бірі – жерүсті су ағындарын бақылау, гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ету және көктемгі су тасқыны кезеңінде су деңгейін тиімді реттеу.

Мамандардың айтуынша, қолға алынған жұмыстар өңірдің су қауіпсіздігін сақтап, тұрғындар мен кәсіпорындарды тұрақты сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар салаға жас мамандарды тарту жұмыстары да жалғасып жатыр.

Back to top button