Президент Ұлытау облысының жылқышысын «Еңбек Даңқы» орденімен марапаттады

Ұлытау облысының тұрғыны, Жаңаарқа ауданының жылқышысы Мәкіш Әменов III дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен марапатталды. Мемлекеттік награданы оған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің III форумында табыстады.Марапат аграрлық саланың дамуына елеулі үлес қосып, ауыл шаруашылығында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан азаматтарға берілді.
Мәкіш Керімбайұлы Әменов 1966 жылы 31 қазанда дүниеге келген. Қазіргі уақытта Жаңаарқа ауданының Сәкен Сейфуллин ауылдық округіндегі «Керімбай» шаруа қожалығында жылқы шаруашылығымен айналысады. Ол еңбек жолын 1983 жылы мектеп бітіргеннен кейін Сәкен Сейфуллин атындағы кеңшарда жылқышы болып бастаған. Содан бері таңдаған кәсібіне адалдық танытып, жылқы бағу ісін үздіксіз жалғастырып келеді. Тіпті еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін де осы саладан қол үзбей, ауыл тұрғындарының жылқысын бағып, шаруашылықтың дамуына үлес қосқан.
Жылдар бойғы еңбектің нәтижесінде ауыл тұрғындарының жылқы саны 100 бастан 2 мың басқа дейін артқан. Сонымен қатар ол жылқы шаруашылығын өркендету арқылы өзге жылқышыларды жұмыспен қамтуға да мүмкіндік жасап отыр. Мәкіш Әменовтің еңбегі бұған дейін де ескерусіз қалған емес. 2023 жылы Жаңаарқа ауданы әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталып, ауыл әкімдігінен бірнеше Алғыс хат алған.
III дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордені – ауыл шаруашылығы саласында ондаған жыл бойы еңбек етіп, туған жерінің шаруашылығын дамытуға үлес қосқан жылқышының кәсіби еңбегіне берілген мемлекеттік марапат.