Жезқазғанға еліміздің этнодизайнерлері жиналады

24 қарашада Жезқазған қаласында ұлттық киім мен дәстүрлі өнерді дәріптеуге арналған республикалық «Ұлттық киім – ұлт бейнесі» фестиваль-көрмесі ұйымдастырылады. Іс-шара отандық дизайнерлер мен қолөнершілердің шығармашылығын таныстырып, ұлттық нақыштағы заманауи сән үлгілерін көпшілікке ұсынуды көздейді, деп хабарлайды Ұлытау облысы әкімдігінің ресми сайты.
Фестиваль аясында ұлттық киімдердің көрсетілімі мен сатылымы өтеді. Көрмеге отандық дизайнерлер мен қолөнершілердің туындылары қойылып, дәстүрлі ою-өрнек пен ұлттық нақышты заманауи үлгіде үйлестірген киімдер таныстырылады. Сонымен қатар мәдениет пен салт-дәстүр тақырыбында арнайы кездесу өткізу жоспарланған.
Іс-шараға арнайы қонақ ретінде журналист, продюсер Дана Нұржігіт, Қазақстан этнодизайнерлер одағының президенті Салтанат Жапарова және этнограф, «Киелі кимешек» жобасының ұйымдастырушысы Тұрар Сәттарқызы қатысады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестивальдің негізгі мақсаты – ұлттық киімнің мәдени мұра ретіндегі маңызын арттыру, дәстүрлі өнерді дәріптеу және отандық шеберлердің еңбегін кеңінен таныту.
Айта кетейік, іс-шараны Ұлытау облысының дін істері басқармасы ұйымдастырады.