Мемлекеттік қызметшілер сыбайлас жемқорлыққа қарсы ойында бақ сынады

Ұлытау облысында мемлекеттік қызметшілердің құқықтық сауаттылығын арттырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасын қалыптастыруға бағытталған «Антипараквест» интеллектуалды ойыны өтті. Танымдық шараға 50-60-қа жуық мемлекеттік қызметші қатысып, заң талаптарын білу деңгейі мен тапқырлықтарын ортаға салды.

«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырылған ойын қатысушыларға құқықтық білімдерін тәжірибе жүзінде қолдануға мүмкіндік берді. Олар арнайы әзірленген тапсырмалар мен түрлі өмірлік жағдайларға негізделген сұрақтарға жауап беріп, өзара білім сайысына түсті.

Ойынның негізгі тақырыптары – сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау, мемлекеттік қызметтегі әдеп нормаларын сақтау, заң талаптарын орындау және күрделі құқықтық жағдайларда дұрыс шешім қабылдау. Әр тапсырма қатысушылардан жылдам ойлануды, заң нормаларын білуді және ортақ шешімге келуді талап етті.

Интерактивті форматта өткен іс-шара мемлекеттік қызметшілердің командалық жұмыс дағдыларын дамытуға ғана емес, қызмет барысында адалдық, ашықтық пен жауапкершілік қағидаттарын басшылыққа алудың маңызын түсіндіруге де бағытталды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, осындай танымдық шаралар мемлекеттік қызметшілердің құқықтық мәдениетін нығайтып, сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік ұстанымын қалыптастыруға ықпал етеді.