Жаңаарқада жаяу жүргіншілер қауіпсіздігі үшін жаңа көпір салынады
Жаңаарқа тұрғындары үшін көптен күткен маңызды инфрақұрылымдық жобаның құрылысы басталды. Теміржол станциясы аумағында жаяу жүргіншілерге арналған аспалы көпір салынып жатыр.
Жаңа өткел тұрғындардың теміржол жолдарынан қауіпсіз әрі ыңғайлы өтуіне мүмкіндік береді. Жобаға сәйкес көпірдің ұзындығы 96,9 метр, биіктігі 6,3 метр, ені 2,9 метр болады.
Құрылыс жұмыстары 2026 жылғы мамыр айында басталған. Нысанды 2027 жылғы мамырда аяқтау жоспарланып отыр.
Жаңа көпір, әсіресе, теміржол арқылы күнделікті қатынайтын тұрғындар үшін маңызды. Оның ішінде оқушылар, егде жастағы адамдар және станция аумағын тұрақты пайдаланатын азаматтар үшін қауіпсіздік деңгейі артады.
Нысан пайдалануға берілгеннен кейін тұрғындар теміржол жолдарын белгіленген қауіпсіз өткел арқылы кесіп өтетін болады. Бұл жоба Жаңаарқадағы жаяу жүргіншілер қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, елді мекеннің инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған.
Көптен күткен көпірдің құрылысы белгіленген мерзімде аяқталып, сапалы түрде пайдалануға берілуі тұрғындар үшін үлкен қолайлылық әкелмек.