Мал басын көбейткіңіз келе ме? «Жайлау» бағдарламасы іске қосылды
Ұлытау облысында мал шаруашылығын дамытуға бағытталған жаңа «Жайлау» бағдарламасы іске қосылды. Жоба аясында шаруаларға жеңілдетілген шарттармен қаржыландыру ұсынылады.
Бағдарлама бойынша кәсіпкерлер 10 жылға дейін, жылдық 6%-ға дейінгі мөлшерлемемен қаржы ала алады. Қаражат асыл тұқымды ірі және ұсақ малдың аналық басын сатып алуға, мал қоралары мен қоршаулар салуға, құдықтар бұрғылауға және жайылым инфрақұрылымын дамытуға бағытталуы мүмкін. Сондай-ақ күн панельдерін сатып алуға да қаржыландыру қарастырылған.
Ірі қара мал шаруашылығына арналған жобаларға 350 млн теңгеге дейін, ал ұсақ мал шаруашылығына 200 млн теңгеге дейін қаржы беріледі.
Бағдарламаның негізгі талаптарының бірі – кемінде 150 бас ірі қара немесе 500 бас ұсақ мал ұстайтын шаруашылық құру.
Жаңа бағдарлама өңірдегі мал шаруашылығын кеңейтіп, шаруалардың өндірістік мүмкіндігін арттыруға бағытталған.