Денсаулық

Ауыл дәрігерлері аса ауыр науқастың өмірін сақтап қалды

Жаңаарқа көпбейінді орталық аудандық ауруханасының дәрігерлері шатырдан құлап, ауруханаға аса ауыр жағдайда жеткізілген науқастың өмірін сақтап қалды. Ер адам жарақат алғаннан кейін, бір тәулік өткен соң ғана медициналық көмекке жүгінген. Оған бірнеше сүйек сынуы, өкпенің соғылуы және тыныс алуды қиындатқан қауіпті асқыну — пневмоторакс диагнозы қойылды.

Науқасқа медициналық көмек көрсетуге хирургия бөлімінің меңгерушісі Абылайхан Қанжігітов, травматолог дәрігер Нурболат Омар және анестезиолог-реаниматолог дәрігер. стационарлық қызметтің басшысы, жас дәрігерлердің тәлімгері Рустем Байгозин бастаған мамандардың үйлесімді командасы жұмылдырылды.

Медицина қызметкерлері шокқа қарсы қажетті шараларды шұғыл жүргізіп, плевра қуысына дренаж орнатты. Науқас бес тәулік бойы жансақтау бөлімінде дәрігерлердің бақылауында болды. Қажет болған жағдайда мамандар телемедицина мүмкіндіктерін пайдаланып, облыстық әріптестерімен кеңесіп отырды. Бүгінде науқас үйіне шығарылып, дәрігерлердің бақылауымен емін жалғастыруда.

Медицина қызметкерлеріне науқастың әпкесі Светлана Ивановна ерекше алғысын білдірді. Оның айтуынша, дәрігерлер өздерінің кәсібилігін, жауапкершілігін және адамгершілігін танытып, ағасының өмірін сақтап қалу үшін бар күш-жігерін салған.

Абылайхан Қанжігітов пен Нурболат Омар ауылдық медицинаны таңдап, «Дипломмен – ауылға» мемлекеттік бағдарламасы аясында Жаңаарқаға жұмыс істеуге келді. Бүгінде олар тәжірибелі аға тәлімгерлердің тәжірибесі, жас мамандардың жігері мен кәсіби ұмтылысымен үйлескен аудандық аурухананың ұйымшыл ұжымының бір бөлігі болып табылады. Олардың оқиғасы бүгінгі күні сапалы әрі уақтылы медициналық көмектің ауылдық аудандық ауруханаларда да қолжетімді екенін көрсетеді.

Атап өту керек, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының арқасында ауруханада күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қосымша ғимарат салынды. Медициналық ұйым қажетті медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Қажет болған жағдайда санитариялық авиация қызметі де жұмылдырылады.

Медицина қызметкерлерінің тұрақты түрде білімін жетілдіруіне, кәсіби дағдыларын шыңдап, тәжірибе жинақтауына барлық жағдай жасалған. Ал ең бастысы – дәрігерлердің өздері адамдарға көмек көрсету үшін қолдарынан келгеннің бәрін жасауға деген зор ынтасы мен жауапкершілігі.

Ұлытау облысының денсаулық сақтау басқармасы Жаңаарқа көпбейінді орталық аудандық ауруханасының медицина қызметкерлеріне кәсібилігі, қажырлы еңбегі және өз мамандығына деген адалдығы үшін алғыс білдіреді!

Науқасқа тезірек сауығып кетуін, ал дәрігерлерге зор денсаулық, күш-қуат және кәсіби еңбектерінде толағай табыс тілейміз!

Back to top button