Ұлытау тынысы

Ұлытау облысындағы Түгіскен ауылы республикалық «Үздік ауыл — 2026» байқауында бас жүлдені иеленді

Ұлытау облысының Түгіскен ауылы республикалық «Үздік ауыл — 2026» байқауында топ жарып, еліміздің ең үздік ауылы атанды. Ауыл тұрғындарының бірлігі, ұлттық құндылықтарды дәріптеуі мен туған жердің дамуына қосқан үлесі жоғары бағаланды.

Screenshot

«Ауыл» телеарнасы ұйымдастырған байқауға еліміздің 17 облысынан іріктелген ауылдар қатысты. Ақтық кезеңге өткен үміткерлер Алматы қаласында бас қосып, өз елді мекендерінің жетістіктерін, мәдениеті мен салт-дәстүрін таныстырды.

Screenshot

Шешуші кезеңде қазылар алқасының бағалауы бойынша Түгіскен ауылы 25 ұпай жинап, бірінші орынға ие болды. Осылайша, Ұлытау өңірінің ауыл тұрғындары республикалық деңгейде өздерінің ұйымшылдығы мен әлеуетін көрсетті.

Байқау қорытындысы бойынша Жетісу облысының Талды ауылы 21 ұпаймен екінші орын алса, Түркістан облысының Мәдени ауылы 17 ұпаймен үздік үштікті түйіндеді. Сондай-ақ Атырау облысының Жасқайрат, Жамбыл облысының Үлгілі, Батыс Қазақстан облысының Бумакөл және Қызылорда облысының Бесарық ауылдары да финалдық кезеңде бақ сынады.

Түгіскен ауылы әкімшілігінің мәліметінше, бұл жетістік – ауыл тұрғындарының ортақ еңбегі мен ауызбіршілігінің нәтижесі. Жеңіс арқылы ауылдың мәдениеті, дәстүрі, еңбекқор халқы мен даму мүмкіндігі республика жұртшылығына таныстырылды.

Айта кетейік, Түгіскеннің бұл жеңісі — Ұлытау облысының ауылдық елді мекендері үшін де зор мақтаныш. Туған жердің абыройын асқақтатқан жеңіс ауыл тұрғындарының ортақ қуанышына айналды.

Back to top button