Ұлытау облысында дрифт жасаған 14 жүргізуші жауапкершілікке тартылды

Ұлытау облысында жыл басынан бері автокөлікті әдейі сырғанатып, дрифт жасаудың 14 дерегі тіркелді. Құқықбұзушылықтардың барлығы анықталып, жүргізушілер заң алдында жауап берді. Өңірде жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол ережелерін өрескел бұзу фактілерінің алдын алу мақсатында рейдтік әрі профилактикалық шаралар тұрақты жүргізіліп келеді.
Полиция мәліметінше, мұндай құқықбұзушылықтарға көбіне жас жүргізушілер барады. Әсіресе той кортеждері мен түрлі мерекелік іс-шаралар кезінде көлікті әдейі сырғанатып, қауіпті маневр жасау жағдайлары жиі кездеседі. Жыл басынан бері анықталған 14 деректің барлығы бойынша құқықбұзушылар анықталып, тиісті жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар жүргізушілерге жол қозғалысы ережелерін сақтау және қоғамдық қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарау жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Полиция департаменті ортақ пайдаланылатын жолдарда дрифт жасау жол-көлік оқиғаларына себеп болуы мүмкін екенін ескертеді. Мұндай әрекеттер тек жүргізушінің өзіне ғана емес, өзге көлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілердің өміріне де қауіп төндіреді.