Қоғам

Қазақстанда су саласындағы импортқа тәуелділікті азайтуға бағытталған жол картасы әзірленді

Қазақстанда су шаруашылығы саласындағы отандық өндірісті дамыту және импорттық жабдықтарға тәуелділікті төмендету мақсатында арнайы жол картасы әзірленді. Құжатта өндірістік әлеуетті арттырумен қатар, ғылыми әзірлемелерді тәжірибеге енгізу және су ресурстарын басқару жүйесін жаңғырту көзделген.

ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі дайындаған жол картасы 13 іс-шараны қамтиды. Оның ішінде су есептеу құралдарын отандық өндірісте шығару, гидротехникалық құрылыстарды автоматтандыру, цифрлық технологияларды енгізу және ғылыми-зерттеу инфрақұрылымын жаңарту бағыттары бар.

Сондай-ақ су саласына технологиялық аудит жүргізу, отандық ғылыми әзірлемелердің тізімін қалыптастыру және жаңа жабдықтардың тәжірибелік үлгілерін жасау жоспарланған. Бұл шаралар қазақстандық технологияларды өндіріске енгізуге мүмкіндік бермек.

Министрлік мәліметінше, бұл бағытта нақты жұмыстар да қолға алынған. Мәселен, соңғы екі жылда су үнемдеу технологияларын қолданатын суару жүйелерін өндіретін отандық зауыттардың саны төрттен жетіге дейін өскен.

Бұдан бөлек, ведомство жас ғалымдардың ғылыми жобаларын қолдап, Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының қызметін дамытуға назар аударып отыр.

Су ресурстары және ирригация вице-министрі Талғат Момышевтің айтуынша, әзірленген жол картасы су саласындағы технологиялық міндеттерді шешуге, отандық өндірісті күшейтуге және ғылыми жаңалықтарды нақты өндіріске енгізуге бағытталған.

Back to top button