Жезқазғанда шахматтан облыс чемпионатының жеңімпаздары анықталды

Жезқазған қаласында классикалық шахматтан Ұлытау облысының чемпионаты өтіп, үздік ойыншылар анықталды. Жарысқа алты жас санаты бойынша ұлдар мен қыздар қатысты.

«Жігер» спорт кешенінде ұйымдастырылған облыстық біріншілікте жас шахматшылар 7, 9, 11, 13, 15 және 17 жасқа дейінгі санаттар бойынша бақ сынады. Қатысушылар ұлдар мен қыздар арасында бөлек сынға түсіп, швейцариялық жүйе бойынша тоғыз тур өткізді.

Тартысты ойындардың нәтижесінде әр жас санаты бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды. Чемпионат ережесіне сәйкес, алғашқы үш орынға ие болған спортшылар 2027 жылы өтетін Қазақстан чемпионатына қатысуға мүмкіндік алды.

Жарыс қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен шахматшылар дипломдармен және медальдармен марапатталды. Айта кетейік, чемпионатты Ұлытау облысының шахмат федерациясы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасымен келісім бойынша ұйымдастырды.