Ұлытау облысында 39 мыңнан астам оқушы қосымша біліммен қамтылған

Ұлытау облысында 39 216 оқушы қосымша білім алады. Бұл өңірдегі оқушылардың жалпы санының 73,6 пайызын құрайды. Бұл туралы облыс әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

Қазіргі таңда өңірде 10 қосымша білім беру ұйымы жұмыс істейді. Аталған ұйымдарда 8 415 оқушы білім алса, тағы 30 801 бала мектеп жанындағы үйірмелер мен спорт секцияларына қатысады. Оқушылардың қызығушылығы мен қабілетін дамыту мақсатында шығармашылық, музыка, бейнелеу өнері, спорт және танымдық бағыттар бойынша түрлі үйірмелер ұйымдастырылған. Бұл балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне, қабілеттерін шыңдап, жаңа дағдыларды меңгеруіне мүмкіндік береді.

Қосымша білім беру жұмыстары «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының құндылықтарымен, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасымен және «Заң мен тәртіп» қағидатымен сабақтастырыла жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, спорттық жарыстар, шығармашылық байқаулар мен танымдық іс-шаралар арқылы оқушылардың бойына адалдық, жауапкершілік, еңбекқорлық, отансүйгіштік және өзара құрмет құндылықтарын сіңіруге басымдық берілген. Сонымен қатар балаларды қоршаған ортаны қорғауға, тазалық сақтауға, қоғамдық тәртіп пен заң талаптарын құрметтеуге тәрбиелеу жұмыстары да жүргізіледі.

Облыстық білім басқармасының мәліметінше, алдағы уақытта қосымша біліммен қамтылған балалар санын арттыру, үйірмелер мен секциялардың қолжетімділігін кеңейту және оқушылардың жан-жақты дамуына жағдай жасау жұмыстары жалғасады. Балаларын үйірмелер мен секцияларға қатыстырғысы келетін ата-аналар жазылу тәртібі мен қатысу шарттары туралы ақпаратты тұрғылықты жеріндегі қосымша білім беру ұйымдарынан немесе мектептерден ала алады.