Алматыдағы чемпионатта Ұлытау спортшысы үздік үштікке енді

Ұлытау облысының спортшысы Әлібек Ермекбай таеквондо WT спорт түрінен ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатында қола медаль жеңіп алды. Жерлесіміз Алматы төрінде өткен ел біріншілігінде үздік үштіктің қатарынан көрінді.
4-6 қараша аралығында Алматы қаласында ұйымдастырылған жарысқа еліміздің әр өңірінен келген спортшылар қатысты. Олар таеквондо WT бойынша түрлі салмақ дәрежесінде өзара мықтыны анықтады.
Аталған чемпионатта Ұлытау облысының намысын қорғаған Әлібек Ермекбай 80 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Бірнеше күнге созылған бәсекеде спортшы өзінің дайындығы мен шеберлігін көрсетіп, жүлделі үшінші орынға ие болды.
Ересектер арасындағы ел чемпионатында жүлдегер атану – спортшы үшін маңызды жетістіктердің бірі. Бұл нәтиже Әлібек Ермекбайдың алдағы республикалық және халықаралық жарыстарда да жоғары нәтиже көрсетуіне жол ашады деген сенім бар.
Ұлытаулық спортшыны лайықты жеңісімен құттықтап, алдағы додаларда сәттілік тілейміз!