Өрт қауіпсіздігін бұзғандарға 3 миллион теңгеден астам айыппұл салынды

Ұлытау облысында 2026 жылғы өрт қаупі кезеңінің қорытындысы шығарылды. Биыл 6 сәуірде басталған маусымда өңір аумағында 47 дала өрті тіркеліп, жалын 1515 гектар жерді шарпыған. Сонымен қатар 3 ірі дала өрті мен 5 орман өрті болған. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, дала өрттерінің басым бөлігі Ұлытау ауданында тіркелген. Атап айтқанда, ауданда 1168 гектар аумақта 36 өрт оқиғасы болған. Ал Жаңаарқа ауданында 372 гектар жерді қамтыған 11 жағдай анықталған.
Бұдан бөлек, өңірде жалпы аумағы 795 гектарды құрайтын 3 дала өрті тіркелді. Оның екеуі Ұлытау ауданында 295 гектар алқапты қамтыса, Жаңаарқа ауданындағы бір өрттің аумағы 500 гектарға жеткен. Сондай-ақ Ұлытау ауданында 30 гектар жерді шарпыған 5 орман өрті болған. Табиғи өрттердің алдын алу мақсатында төтенше жағдайлар қызметі тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтті. Өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау жөнінде бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде 178 материал жарияланып, ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Оның 16-сы телеарналарда, 40-ы баспасөз басылымдарында, 122-сі әлеуметтік желілерде жарық көрген.
Сонымен қатар 113 рейдтік іс-шара ұйымдастырылып, профилактикалық жұмыстармен 15 971 адам қамтылды. Ауыл шаруашылығы кәсіпорындары мен шаруа қожалықтарының өкілдерімен 19 дөңгелек үстел өткізіліп, егістік және дала жұмыстарын жүргізу кезінде сақталуы тиіс қауіпсіздік талаптары түсіндірілді. Рейд барысында қоқыс пен құрғақ шөпті өртеу деректеріне де ерекше назар аударылды. Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін 20 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оларға салынған айыппұлдың жалпы көлемі 3 миллион 27 мың 500 теңгені құрады.
Өрт сөндіру қызметтерінің дайындығын пысықтау үшін ерікті өрт сөндіру жасақтары, азаматтық қорғау бөлімшелері және өзге де қызметтердің қатысуымен 18 оқу-жаттығу өткізілді. Оның барысында жеке құрамның дайындығы, арнайы техникалардың жай-күйі және төтенше жағдай кезіндегі өзара іс-қимыл тәртібі тексерілді. Мамандардың айтуынша, табиғи өрттердің алдын алу, тұрғындардың өрт қауіпсіздігі мәдениетін қалыптастыру және төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге дайындық жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады.