Басты жаңалықҰлытау тынысы
Тренд

Құтқарушыларға шен берілмейді

Ұлытау облысында көктемгі кезеңге дайындық қалай жүріп жатыр? Су тасқыны қаупі қаншалықты бақылауда? Төтенше жағдай кезінде қандай әрекеттер жасалады? Осы және өзге де маңызды сұрақтарға Ұлытау облысы ТЖД Төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы, азаматтық қорғау майоры Әлібек Абилов жауап берді.

1) Ұлытау облысында көктемгі кезеңге төтенше жағдайлар қызметінің дайындығын қалай бағалайсыз?

— Көктемгі кезеңге дайындық жұмыстары бізде жаз айларынан басталады. Сол уақытта су басу қаупі бар елді мекендерде қорғаныс бөгеттерін салу, арық-арналарды тазалау сияқты кешенді жұмыстар жүргізілді. Бұл жұмыстар жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп атқарылды. Соның нәтижесінде бүгінде бірқатар елді мекендерде су басу қаупі төмендеді. Қыс мезгілінде де қар шығару жұмыстары дер кезінде жүргізілді. Сонымен қатар су өткізу құбырлары, көпір асты мен жол бойындағы арналар толық тазартылды. Қазіргі таңда өңірде су тасқыны кезеңі тұрақты әрі бақылауда өтіп жатыр.

2) Ең қиын сценарий орын алса, алғашқы сағаттарда қандай әрекеттер жасалады?

— Төтенше жағдай орын алған сәтте біздің басты мақсатымыз — адам өмірін сақтау. Табиғи немесе техногендік апат болсын, ең алдымен адамдарды құтқару жұмыстары ұйымдастырылады. Бұл — біздің негізгі міндетіміз.

3)Қыста облыста бірнеше адам құтқарылды. Сол жағдайлар туралы айтып берсеңіз.

— Иә, биылғы қыс мезгілінде іздестіру-құтқару жұмыстары көп болды. Соның ішінде желтоқсан айында жоғалған балықшылар оқиғасын атап өтуге болады. Екі көлікпен шыққан азаматтар байланысқа шықпай қалған. Екі күннен кейін туыстарынан хабар түскен соң, іздестіру жұмыстары басталды. Алғашқы күні ауа райының қолайсыздығына байланысты тікұшақ көтеру мүмкін болмады. Екінші күні әуеден іздеу жүргізіліп, жоғалған азаматтар табылды. Белгілі болғандай, олардың көлігі бұзылып, өздері жаяу жүрген. Ақ қардың ішінде адамды табу қиын болғанымен, алдымен көлік анықталып, сол бағыт бойынша іздеу жүргізілді. Құтқарылған азаматтар Жезқазған қаласына жеткізіліп, медициналық көмек көрсетілді. Оларда үсік шалу белгілері болған. Тағы бір оқиға Жаңаарқа ауданында тіркелді. Мал іздеуге шыққан тұрғын мотоциклден құлап, бір тәуліктен астам уақыт қар астында жатқан. Бірлескен іздестіру жұмыстары нәтижесінде ол табылып, тікұшақпен жеткізіліп, алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Жалпы, іздестіру-құтқару жұмыстарының шамамен 70 пайызы малшыларды іздеуге бағытталады. Ауа райының күрт өзгеруі мұндай жағдайлардың жиілеуіне себеп болады.

4)Облыста құтқарушылар саны жеткілікті ме?

— Өкінішке қарай, толық жеткілікті деп айту қиын. Кадр тапшылығы бар. Қызметкерлердің зейнетке шығуы, денсаулық жағдайына байланысты жұмыстан кетуі немесе басқа өңірлерге көшуі әсер етеді. Әсіресе жас мамандардың тұрақтамауы байқалады.

5)Олардың жұмыс жағдайы қандай? Техника мен құрал-жабдық жеткілікті ме?

— Соңғы жылдары бұл бағытта оң өзгерістер бар. Қазіргі таңда техника мен құрал-жабдықтардың шамамен 80 пайызы жаңартылды. Өрт сөндіру көліктері, автосатылар, жол талғамайтын арнайы техникалар алынды. Сонымен қатар бізде тікұшақ қызметі мен санитарлық авиация бар. Бұл шалғай елді мекендерге жедел жетуге мүмкіндік береді.

6)Ұзақ уақыттан кейін жаңа ғимарат берілді. Бұл нысан қызмет жұмысына қандай өзгеріс әкелді?

— Иә, жаңа ғимараттың берілгені — үлкен жаңалық. Нысан заманауи талаптарға сай салынған. Онда техника жөндеуге арналған аймақтар, спорт және демалыс бөлмелері, психологиялық демалыс кабинеттері қарастырылған. Қазіргі таңда мектеп оқушыларына экскурсия ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар Сәтпаев қаласында да осындай бөлім ашу жоспарда бар.

7) Осындай қауіпті салада қызметкерлерді қалай ынталандырасыздар?

— Бізде тәртіп пен ынталандыру қатар жүреді. Қызметкерлерге лауазымына және еңбек өтіліне байланысты қосымша төлемдер қарастырылған. Сонымен қатар мемлекеттік мерекелерде марапаттар мен алғыс хаттар беріледі. Бұл әсіресе жас мамандарды қолдауға бағытталған.

8) Көп айтылмайтын, бірақ бар проблемалар қандай?

— Шешімін толық таппаған мәселелер бар. Соның ішінде тұрғын үй төлемдері мен әлеуметтік қолдау мәселелері өзекті. Сонымен қатар авариялық-құтқару жасағы мамандарының мәртебесіне қатысты мәселе бар. Оларға шен берілмейді және зейнет жасы 63 жас болып белгіленген. Қазіргі таңда бұл мәселе қарастырылып жатыр.

9) Тұрғындарға тікелей үндеу жасасаңыз, не айтар едіңіз?

— Тұрғындарды қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырамын. Әлеуметтік желілерде жарияланатын ескертулер мен бейнероликтерді қарап, оны балаларға түсіндіру маңызды. Ең бастысы – әр адам өз қауіпсіздігіне ғана емес, жақындарының амандығына да жауапты екенін ұмытпауы керек.

Қорытынды: Көктем -табиғаттың жаңаратын шағы ғана емес, қауіп-қатердің де арту кезеңі. Сондықтан сақтық шараларын қатаң сақтап, төтенше жағдай қызметінің ескертулеріне құлақ асу — әр тұрғынның міндеті.

Махамбет Жансая, Айдана Базарбайқызы

Back to top button