Заң және тәртіп

Ұлытау облысында 10 мыңға жуық адамның құқығы тапталған

Ұлытау облысында прокуратура органдары ауқымды қадағалау жұмыстарының нәтижесінде мыңдаған азаматтың конституциялық құқықтарын қалпына келтірді.

Адам құқықтарын қорғау, оның ішінде конституциялық құқықтардың сақталуын қамтамасыз ету – прокуратура қызметінің негізгі бағыттарының бірі. Осы міндет аясында жүргізілген тексерулер нәтижесінде өңірде 9 727 азаматтың құқықтары қорғалғаны анықталды.

Мәселен, Жаңаарқа ауданындағы «Жаңаарқа жылу» коммуналдық кәсіпорнында 115 қызметкерге зейнетақы және әлеуметтік аударымдар жүргізілмегені белгілі болды. Бұл еңбеккерлердің әлеуметтік құқықтарының өрескел бұзылуына әкелген.

Ал Жезқазған қаласында 5 954 мүгедектігі бар азаматқа қажетті мемлекеттік құжаттар рәсімделмеген. Соның салдарынан олар толыққанды мемлекеттік қызметтерді пайдалана алмай, белгілі бір деңгейде кемсітушілікке ұшыраған.

Аталған заңбұзушылықтар бойынша прокуратура тарапынан тиісті қадағалау актілері енгізіліп, барлық бұзушылықтар жойылды. Кінәлі тұлғалар заңға сәйкес жауапкершілікке тартылды.

Back to top button