Ұлытау тынысы

Ұлытау облысын нанмен қамтып отырған кәсіпорын: өндіріс, сапа және тұрақтылық

Ұлытау облысында халықты күнделікті сапалы нан өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған ірі кәсіпорындардың бірі — «Ұлтау-Нан». Өндіріс көлемі, заманауи технологиялар мен нарықтағы орны туралы толығырақ білу үшін біз «Ұлтау-Нан» ЖШС бас директорының орынбасарының міндетін атқарушысы Ольга Ковалевамен сұхбаттасқан едік.

1.Кәсіпорындарыңыздың тарихы туралы айтып өтсеңіз. Қашан құрылды?

— Біздің зауыттың құрылысы 2017 жылы басталып, 2018 жылы іске қосылды. Сол уақыттан бері тұрақты түрде өнім өндіріп келеміз. Қазіргі таңда 120-ға жуық өнім түрін шығарамыз. Оның ішінде нан-тоқаш және кондитерлік өнімдер бар. Біз Ұлытау облысының бірқатар өңірін, атап айтқанда Жаңаарқа, Қаражал, Ұлытау, Жезқазған, Сәтбаев қалаларын толықтай нан өнімдерімен қамтамасыз етіп отырмыз. Сонымен қатар, балабақшалар, мектептер, медициналық мекемелерді де қамтимыз. Бұдан бөлек, «Қазақмыс» корпорациясының асханаларын да өніммен қамтамасыз етеміз.

2.Қанша адам жұмыспен қамтылған?

— Қазіргі таңда кәсіпорында 240 адам жұмыс істейді. Жалпы қызметкерлер саны 220 мен 240 аралығында өзгеріп отырады. Біз осы уақытқа дейін тұрақты түрде осынша жұмыс орнын сақтап келеміз.

3.Күнделікті өндіріс көлемі қанша?

— Қазіргі уақытта тәулігіне шамамен 6 тонна өнім өндіріледі. Ал өткен жылы бұл көрсеткіш 10 тонна болған. Өндіріс көлемі нарықтағы сұранысқа байланысты өзгеріп отырады.

4.Шикізат қайдан жеткізіледі?

— Негізгі шикізат Қарағанды және Алматы қалаларынан жеткізіледі. Оның басым бөлігі Қарағанды облысынан келеді.

5.Өндіріс процесі қандай кезеңдерден тұрады?

— Алдымен шикізат сатып алынады. Одан кейін технологиялық карталар әзірленеді. Міндетті түрде зертханалық тексерулер жүргізіледі. Шикізат пен дайын өнім толықтай сертификаттаудан өтеді. Содан кейін зауытта пісіріледі. Дайын өнім арнайы көліктермен сауда нүктелеріне жеткізіледі. Сонымен қатар, өзіміздің жеке сауда желіміз бар — 4 павильон және 17 сауда нүктесі. Біз таңғы жаңа піскен өнімдерді осы орындарда да сатамыз.

6.Зауытта қандай заманауи жабдықтар қолданылады?

— Біздің зауыттағы жабдықтардың барлығы дерлік автоматтандырылған. Олар Италия, Англия және Германия елдерінен алынған. Жалпы өндіріс процесінің басым бөлігі автоматтандырылған.

7.Өнімнің балғындығы қалай сақталады?

— Өніміміз тез бұзылатын болғандықтан, біз күн сайын тапсырыс қабылдап, сол күні пісіреміз. Нан өнімдері түнде пісіріліп, таңертең тұтынушыларға жылы күйінде жеткізіледі.

8.Нарықтағы бәсекелестік жағдайында артықшылықтарыңыз қандай?

— Біздің басты артықшылығымыз — сапа. Біз тұтынушыларға уақтылы, сапалы әрі сертификатталған өнім ұсынамыз. Сонымен қатар, бағаны тұрақты ұстап тұруға тырысамыз. Әлеуметтік нан бағдарламасына қатысып, оның бағасын 95 теңгеден асырмауға үлес қосып келеміз. Соңғы екі жыл бойы әлеуметтік нанды осы бағада ұсынып отырмыз.

Осылайша, «Ұлтау-Нан» кәсіпорны өңір халқын сапалы әрі қолжетімді нан өнімдерімен қамтамасыз етіп қана қоймай, тұрақты жұмыс орындарын құрып, әлеуметтік жауапкершілікті де қатар алып келеді. Кәсіпорын өкілінің айтуынша, алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайтып, өнім сапасын одан әрі арттыру жоспарланып отыр.

Back to top button